«Жан жайлауы» жаңа жоба

Үстіміздегі жылы «облыстық» статусы берілгеніне 75 жыл толып отырған М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, осы уақыт ішінде жалпы жұртшылыққа тағылымды қызмет көрсетіп, өз оқырмандары үшін рухани орталыққа айналды. Кітапханада атқарылып жатқан барлық жұмыстар, нақты айтқанда: кітапханалық-библиографиялық қызметтердің заман талабына сай жетілдіріліп отыруы, қызметтердің автоматтандырылуы, оқырманның емін-еркін отырып кітап оқуына арналған коворкинг залдар, ақысыз интернет, кітапханадағы әр алуан тақырыптарда ұйымдастырылатын көпшілік іс-шаралар – бәрі де тек Сіздер үшін, қымбатты оқырман!
Бүгін де өздеріңізге асыға жеткізетін жаңалығымыз бар. Сәтін салса аудандардағы кітапханалардың әхуалын жақсартуға серпін беретін, ауылдардағы көзі ашық, көкірегі ояу зерделі қауымға арналған, жалпы өңіріміздің әдеби-мәдени өмірінің жандануына бағытталған «Жан жайлауы» атты жобаны жүзеге асырғалы отырмыз. Бұл орайдағы ең алғашқы қадамымыз Көкшетау қаласындағы үлкен-кіші ақын-жазушылардың басын біріктіретін «Қаламгерлер кеңесін» құрудан басталды.
Кеңестің құрылу мақсатын таныстырғанда, қаламмен ой қайырған сөз иелері, өз шығармашылығын насихаттауға, оқырманмен жақындасып, пікір алмасуға, олардың жүрек қалауын тыңдауға, шалғай мекендердегі кітапханалармен танысуға, сонымен қатар өз танымалдығын байыптауға мүмкіндік жасайтын мұндай мәдени жобаның тиімділігін бірден қолдай кетісті.
Қаламгерлер кеңесінің мүшелерінен қазылар алқасы жасақталып, жыл сайын аудандарға арнайы барып, сол жерлерде әдеби кештер, авторлық кездесулер өткізумен қатар, аудан, ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін кітапханалардың жетістіктерін бағалайды, үздіктерін іріктеп, марапатқа ұсынып отырады. Қаламгерлер сапардан оралғаннан кейін өздері болған елді мекендердегі көзімен көрген кітапханалардың жай-күйін БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жариялап отырады. Жыл қортындысында үздік кітапхана, үздік кітапханашы, үздік оқырман отбасыларға арнайы бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Бұл өз тұрғысында республика бойынша өткізілетін дәстүрлі «Рухани қазына» фестивалінің үміткерлеріне жол ашады.
Қаламгерлер кеңесінің мүшелері ай сайын «Мәдени орда – әдеби орта» атты іс-шара өткізіп, әр кеште авторлық шығармаларды өзара ортаға салып, танысып, талқылап отыруға шешім қабылдады.
«Жан жайлауы» жобасының келесі қадамында облыстық кітапхана жанынан «Қамқорлық кеңесі» құрылмақ. Ол жайлы ақпаратымызды алдағы уақыттарда жариялайтын боламыз.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *