«КӨКШЕТАУ ҚАЛАМГЕРІ» СЕРИЯСЫМЕН ЖЕРГІЛІКТІ ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ 6 КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

24 қыркүйек күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының коворкинг орталығында «Рухани жаңғыру» жобалық офисімен бірлесе отырып, Ақмола облысының әкімінің орынбасары Айна Ермекқызының, ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Байқадамқызының және мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы басшысының м.а. – Бекназарова Гүлмира Саматқызының қатысуымен «Көкшетау қаламгері» сериясымен шыққан 6 жаңа кітаптың тұсаукесері өтті»: Ерболат Баятұлының «Уақыт шеңбері», Қайырбай Төреғожаның«Көкжиек», ҰлмекенТыныштыққызының «Мен күткен көктем», Абылай Мәуленнің «Лабиринт»,Табысбек Үсеннің «Бозжусан» кітаптарымен қоса Алмас Темірбайдың 320 беттік «Жекебатыр» жинағы жарық көрген болатын.
Жергілікті авторлардың кітаптарын шығаруға қаражатАқмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың көмегімен ішкі саясат басқармасымен бөлінді. Жаңа кітаптардың шығуы директордың инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары – жазушы Қуаныш Оспанов пен ақын Мерген Тоқсанбайдың белсенді қатысуының арқасында мүмкін болды.
Осы игілікті істің басы қасында жүрген Ақмола облысының әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Қуаныш Оспан: «Көктем кезінде Ақмола облысы қаламгерлерін Мағжан кітапханасына жинап, біраз әдеби мәселелерді көтерген едік. Содан кейін көп уақыт өтпей облыс әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевқа өлке қаламгерлерінің мұң-мұқтажын жеткізуге сеп болғанымыз бар. Ермек Боранбайұлының тапсырмасы, Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Байқадамқызының қолдауымен Мерген Тоқсанбай досым екеуміз ала жаздай жүгіріп, «Көкшетау қаламгері» сериясымен өңіріміздің алты қаламгерінің кітабын шығаруды қолға алғанбыз. Қазіргі оқырмандарға жергілікті авторлардың кітаптары қызықты. Қаламгерлерді қолдап, қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосып жатқаны үшін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Байқадамқызына алғыстан басқа айтарымыз жоқ» -деп ағынан жарылды.
Іс-шараға жазушылар, ақындар және облыстың мәдениет мекемелерінің өкілдері жиналды. Олар облыс басшылығының жас таланттарды қолдауының маңыздылығы туралы айтты. Біздің өңір өзінің бай әдеби мұрасымен танымал болған және жас ұрпақ ұлы ата-бабаларының шығармашылығын жалғастыруда. Біздің әдеби брендіміз – бұл аймақ қаламгерлері.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *