«Көп қанатты Ғосман»

2020 жылдың 20 қаңтар күні М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқу залында «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығының ұйымдастыруымен журналист, жазушы-аудармашы, қоғам және мәдениет қайраткері, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлұлына арналған «Көп қанатты Ғосман» атты электронды басылымның тұсаукесері өтті. Бұл орталықтың 20-сыншы отырысы.

Іс-шараның модераторы – ақын, журналист, аталмыш орталықтың төрағасы, «Көкшетау» қалалық газетінің бас редакторы Серік Сапарұлы Жетпісқалиев.

Ғосман Төлеғұлұлы көп жылдар бойы журналистика саласында, артынан мемлекеттік қызметте еңбек етті. Көптеген өңірлік және республикалық басылымдарда жарияланған публицистикалық еңбектердің авторы. Сан қырлы Ғосман Төлеғұлұлы аударма саласында жемісті еңбек етіп, осы күнге дейін қазақшадан орысшаға 43 кітап, орысшадан қазақшаға 22 кітап аударған.

Кеш барысында кітапханашы Баршагүл Далабайқызы оқырмандар мен кеш қонақтарына кітапхана дайындаған электронды басылымды таныстырды, басылымға Ғосман Төлеғұлұлының өмірбаяны, мақалалары және марапаттары енгізілді. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жазушының достары, таныстары және де мәдениет саласының қызметкерлері, тілшілер,  студенттер қатысты. Қонақтар естеліктерімен бөлісті. Жазушы, қаланың құрметті азаматы – Терещук Виктор Александровичтен жас ұрпақ өздерінің ұлы жерлестері туралы білуі үшін Ғосман Төлеғұлұлының есімін мәңгі қалдыру және ол туралы деректерді мұражайға қою, портретін ілу туралы ұсыныс түсті.Кеш барысында Ғосман Төлеғұлұлына кітапхана директоры Талғат Қайыркенұлы электронды дискті тарту етті. Іс-шара қызықты және мазмұнды болды.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *