«Ақиқат пен аңыз» кітабының кейіпкерлеріне арналған кеш

Ұлтымыздың мақтанышы, халқымыздың қаһарман ұлдары Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдоллаұлының арасындағы аға-інілік, бауырлық, достық қарым-қатынастары ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып айтылып, жырланып келеді. Олардың туған елдері Жамбыл облысы мен Көкше өңірінің жұртшылығының арасында сол достық қарым-қатынас әлі күнге жалғасын табуда. Соның жарқын айғағындай, алдағы күндерде Жуалы ауданындағы Баукеңнің мемориалдық музейінің қызметкерлері мен оның немере інісі Қазақстан  жазушылар Одағының мүшесі Бекет Момынқұлұлы бастаған бір топ жамбылдықтар Мәлік Ғабдуллиннің туған топырағына қадам басты.

2021 жылдың 16 қарашасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына Бауыржан Момышұлы мен жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, профессор, филология ғылымдарының докторы Мәлік Ғабдуллиннің туған күндеріне орай М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты кітабы бойынша әдеби-танымдық кеші өтті. Іс-шараны аты аталған кітапхана мен Мәлік Ғабдуллин музейі бірлесіп ұйымдастырды.

Кешті ақын, Зеренді ауданының құрметті азаматы, М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапхананың директоры Қ.Р Мырзабектің өзі жүргізді.

Іс-шараның басты қонағы – Бауыржан Момышұлының Жамбыл өңірінен келген ұрпағы, батырдың немере інісі, жазушы Бекет Момынқұл болды. Сонымен бірге Көкшетау қаласының зиялы қауымы, өлкетанушылар, жоғары және орта оқу орындарының оқытушылары, студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.   

Әдеби-танымдық кеш қос батырымыздың өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Батыр Баукең: «Ақиқат пен аңыз» және «Батырым – Мәлік беренім…» атты  кітап көрмелерін таныстырудан басталды.

Одан әрі Ә. Нұршайықовтың Кеңес Одағының Батыры, жазушы, Екінші Дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері Б. Момышұлы туралы жазылған «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы талданды.

Қ.Мырзабек әдеби кеште Б. Момышұлы мен Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, профессор, филология ғылымдарының докторы М. Ғабдуллин арасындағы достық қарым-қатынасты ерекше атап өтті. «Ақиқат пен аңызды» жастарға әсерлі сөзбен насихаттап, олардың осы кітапқа деген назарын аударып, сүйіспеншілігі мен қызығушылығын оятуға тырысты. 

Батырдың немере інісі, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының штаттан тыс ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұл Бауыржан Момышұлымен болған балалық шағына саяхат жасап, ол туралы қызықты тарихи оқиғаларды әсерлі етіп әңгімелеп берді.

Іс-шараға қатысушы қонақтардың бірі Б. Момышұлымен  кездескен сәттерін еске алып, оның  майдандағы ерлік жолы, адамдық қасиеттері, нағыз ерге тән батылдығы мен қайсарлығы, азаматтық жүрегі, жазушылығы жайында, енді бірі Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы негізінде келелі пікірлерін ортаға салып, жастарды кітап оқуға шақырды.

Кеш барысында көрермен қауым Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Т. Амановтың орындауында «Жас қазақ» әнін сүйсіне тыңдады.

Әуезді ән тыңдап, әдемі әңгімеден соң қонақтар жастармен естелік суретке түсіп, ризашылықпен тарады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *