ЕҢЛІКГҮЛІМ

«Бикен Еңлік үшін туған.
Еңлік бақытты Бикенге кездескен»
Мұхтар Әуезов.
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «өнер әдебиеттері» бөлімінде халқымыздың дарынды өнер қайраткері Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойына орай «Еңлікгүлім» атты кітап көрмесін безендіріп, шолу жасалды. Шығармашылық жолы ұлттық театр, киномыздың даму тарихымен тікелей өзектес болған Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римова – 100 жаста. Бикен Римованың ізі қазақ халқының театр өнерінде сайрап жатыр: саналы ғұмырының 60 жылын сахнаға арнады. Сан-салалы, лирикалық та, қайрат иесі, қоғамның белсенді мүшесі, трагедиялық та, күлдіргі характерлік, тарихи тағы толып жатқан естен кетпес бейнелерді сахнада сомдаған. Әуезов атындағы драма театрда 100-ге жуық рөлді сомдаған. Олардың ішінде Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебегінде» Еңлік, «Қарагөзінде» Маржан, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер – анасында» Жер – Ана және «Ақ кемедегі» Кемпір, Әбділда Тәжібаевтың «Майрасындағы» Майра, Мольердің «Сараңдығында» Элиза, Гогольдің «Ревизорында» Пошлепкина, Шахмет Құсайыновтың «Алдаркөсесіндегі» Меңсұлу, «Сырымбет саласындағы» Зылиқа, Иоселианидің «Арбаң аман болсын» қойылымында Касария секілді бірқатар рөлдерді ойнаған.
1943 жылы 3-курста оқып жүргенде актер шеберлігінен сабақ беретін Асқар Тоқпанов Бикен Римоваға «Еңлік – Кебек» пьесасындағы Еңлік рөлін береді. Содан кейін Бикен Римова академиялық драма театрына актер болып қабылданған. Сол себепті училищені сырттай оқып, 1953 жылы бітірген.
Бикен Римованың қазақ киносында да еңбегі зор. 20 шақты рольде ойнаған Бикен Римованың қазақ киносындағы «Шабандоз қыз», «Менің атым Қожа», «Ана туралы аңыз», «Тақиялы періште», «Арман, арман…», «Ақ аруана», «Махаббат туралы дастан», «Абай», «Ұлдың оралуы», «Ай астындағы үй», «Несібелі», «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Құланның өлімі», «Гауһартас» тәрізді жиырмадан астам фильмде рөл сомдаған.
Қазақтың ең алғашқы көпсериялы «Тоғысқан тағдырлар» телефильмінде Нұрбибі бейнесі арқылы да көпшілік есінде қалды.
Шолуға қатысқан Көкшетау қаласының №2 лицей-мектебінің 7А сынып оқушылары ұстаздары Гүлбара Намазбекқызымен бірге шараға белсенділікпен қатысып, театрды жақсы көретіндерін, Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрына жиі баратындарын айтты. Біздің тақырыпқа арқау болған Бикен Римованың Шахмет Құсайыновтың жан жары екенін біліп, олардың бір-бірлеріне деген сезімдерін, сыйластықтарын есітіп, ерекше әсерленді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *