Жыраулар сөзі – тарихтың көзі» атты кітаптың тұсаукесері және авторы Әбіш Әділбекпен кездесу

М. Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада бүгін Кітапхана қызметшілеріне арналған семинар үзілістен кейін Алматыдан арнайы ат сабылтып келген жыршы, сазгер Әбіш Әділбектің “Жыраулар сөзі-тарихтың көзі” кітабының тұсаукесері өткізіліп, және “Елдік пен ерліктің шежіре жырлар” үнтаспасы таныстырылды. Қазақтың тарихы осы терме жырлармен бізге дейін жеткені ақиқат, сонау Сақ, Ғұн дәуірлерінен бергі 40 ғасырлық ұрпақ сабақтастығын жалғаған жырдың жауһарына бір шомылдық.

Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасеновтың Көкшетау туралы әсем әнімен басталған әдемі кешке белгілі ақын-жазушылар, зиялы қауым және өңіріміздің ОКЖ кітапханашылары қатысты. Іс-шараны ақын-жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Сапарұлы Жетпісқалиев жүргізді.

М. Жұмабаев атындағы облыстық кітапхананың директоры Қуаныш Оспановтың құттықтау сөзінен соң «Жыраулар сөзі – тарихтың көзі» атты кітабы мен «Елдік пен ерліктің шежіре жырлары» атты үнтаспаның салтанатты түрде тұсаукесу рәсімі өтті. Тұсау кесу рәсімі жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы мен облыстық кітапхананың директоры Қуаныш Ерғалиұлына тапсырылды.

Жабал Ерғалиұлы терең мағыналы, тағылымды кітаптың авторына құтты болсын айтып, өңіріміздің халқы атынан ризашылығын білдірді.

Бұл кітап Сақ, Ғұн, Түрік Қағанаты дәуірі және Жоңғар шапқыншылығы мен Патшалы Ресей кезіндегі жыраулар сөзінен сыр шертеді. Қазақ ұлтының тарихы мен салт-дәстүрін, жыраулық өнерін, ұлттың тектілігі мен даналығын, дархандығы мен батырлығын, сондай-ақ қазақ деген халықтың мынау ұланғайыр даланың иесі екенін паш еткен туынды. Жас ұрпаққа түбіміздің кім екенін, қазақтың қайдан шыққанын және кім болғанын танытып, тарихи санасын қалыптастыруда бұл кітаптың қосар үлесі зор болмақ. Кітап хрестоматиялық оқу құралы ретінде музыкалық жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарына арналғанымен, ондағы қазақ тарихы, салт-дәстүр, ұлт намысы мен мүддесі, отбасы, білім мен дінге қатысты жазған пікірлері қалың оқырман қауымға да берері мол рухани қазына. Жыршы Әбіш Әділбектің бұл кітабы тарихи деректер мен ұлттық танымға сүйенген тарих, әдебиет және өнер саласы тоғысқан құнды еңбек.

Сонымен қатар, бұл үнтаспа Жетісу жыршылық мектебін тың туындылармен толықтырып, қазақ өнеріне өзіндік үлес қосқан туынды. Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар ашық микрофон форматында өз ой-пікірлерін білдірді.

Шара соңында Әбіш Әділбек М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына кітапты сыйға тартты. Өз кезегінде кітапхана директоры Қуаныш Оспан да сыйлы қонаққа ризашылығын білдіріп, естелік сыйлық ретінде Көкшетау туралы және Арқаның ақындарының кітаптарын табыс етті. Танымы мен тағылымы мол кеш болды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *