М.Жұмабаев атындағы АОӘҒК Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шаралар циклін жалғастырады

2021 жылдың 14 желтоқсанында М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында халық композиторы, әнші, ақын Иманжүсіп Құтпанұлының немересі Раушан Нұрханқызы Иманжүсіппен кездесу өтті.

Іс-шара кітапхана директоры Құдайберлі Рахымбекұлы Мырзабектің кіріспе сөзімен басталды. Одан соң Раушан Нұрханқызына сөз беріліп, көрермен назары кездесу кейіпкеріне ауысты.

Раушан Нұрханқызы сөздің басын атасы Иманжүсіп Құтпанұлы  қалайша «Тәуелсіздік қаһарманы» атанғандығы, «Тәуелсіздік» ұғымы, қазақ халқына Тәуелсіздіктің қалай келгендігі жөніндегі әсерлі әңгімеден бастады.

Сөзін жалғай келе, халық композиторының тұлғалық сипатына, сал-серілік өміріне, шығармашылығына, өр үнді әншінің азаматтығын танытатын әндеріне тоқталды.

Кездесуге көрермен болып келген студенттер Иманжүсіп Құтпанұлы туралы мол мағлұмат алып қана қоймай, рухани серпіліп, қазақ әдебиеті мен өнеріне деген сүйіспеншіліктері артып қайтты деген сенімдеміз. Өйткені, өр үнді композитордың немересінің де әр сөзінен өршілдіктің үні есіп тұрғандай еді.

Дәл осы күні М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы  М.Ғабдуллин музейімен бірлесіп Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік туы астында туғандар» атты ток-шоу өткізді.

Кеш қонақтары, яғни Тәуелсіздік құрдастары –Щучинск қаласы №7 мектеп-лицейінің мұғалімі – Бірімжанов Айбек Бекмадиұлы, кәсіпкер – Қалиева Бота Амангелдіқызы, «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының тілшісі – Аманбаева Гүлмира Жанатқызы.

16 желтоқсан – ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. Тәуелсіздік бабалардың қанымен, аналардың зарымен келген еліміздің қасиетті құндылығы.

Тәуелсіздік алған жылы туып-өскен жастар бүгінде әр саланың мамандары, қойған мақсаты мен таңдаған бағытына сенімді. Қонақтарымыз кездесу барысында 30 жыл ішінде жеткен жетістіктерімен бөлісіп, студенттерге сыр ақтарды. Көрермендер тарапынан сұрақтар қойылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *