ӘН ҚАНАТЫНДА

Тарихқа көз салсақ ғасырлар қойнауынан бүгінге жол тартқан ән керуені ешқашан толастаған емес. Бүгін де сол өмірлерін өнерге байлап, ән керуенін тартып келе жатқан өңіріміздің өнер майталмандарымен таныстыруды Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық кітапханасының өнер әдебиеттері бөлімі «Барыңды бағала» айдарымен одан әрі жалғастырды. Бұл іс-шара әдемі дәстүрге айналып, қалыптасып келеді.
Наурыз мерекесі қарсаңында өтіп жатқан «Ән қанатында» атты кездесу бабадан жеткен өнер, ұлт рухының қуаты, сезімнің суаты ән мерекесіне ұласты. Келген қонақтарға наурыз көже, бауырсақ ұсынылып, мерекенің сәні кірді.
Бүгінгі кейіпкерлеріміз өнердің көшін жарты ғасыр бойы жалғап келе жатқан дүлдүл әншілердің бірі Алтайдың ар жағында, аспан асты елінде, енді бірі Тәуелібай жерінде туып-өсіп, екеуі де сол елдерде ән қанатын қалықтатып, әсем әндерімен көрермендерінің көңілін тербеген. Ата жұртына қоныс аударған ширек ғасыр бойы өз өнерлерін жалғастырып, көпшілікке танылып, көрермендерінің көзайымына айналған Қытай халық республикасына еңбегі сіңген әншісі, Қытай халық республикасының қазіргі заманғы өнер саласындағы әйгілі адам атты Алтын кітаптан есімі орын алған, Оңтүстік Қазақстанда өткен 14 республиканың әншілері қатысқан Халықаралық этнографиялық фестивалінің лауреаты Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Төкен Ілияс және Тәуелібай елінің бұлбұлы, Халық құрметі орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Бағила Жұмаханқызы Мұратованың өнер жолдарын оқырманға жақыннан таныстырдық. LED экраннан олардың өмір жолдарының айшықты сәттерінен бейнебаяндар ұсынылды. Құттықтаулар жолданды.

Өнер өлкесіне ат басын бұрғандарына жарты ғасыр болған қонақтар өз өмірлеріне ой шолып, әдемі әсерлі сәттерін естеріне алды. Келген қонақтарға, жастарға әңгімелеп берді. Жанды дауыста әсем әндерін шырқады, көрерменнің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
Өз кезегінде кеш қонақтары өнер саңлақтарына деген игі тілектерін білдірді.
Ән керуенінің көшіне енді қанат байлап жүрген жас буынның да жалғасып келе жатқанын Біржан сал атындағы музыкалық колледждің І курс студенті Қабиден Дидардан көрдік. Жанып тұрған жас талант Ақбақай әнін нақышына келтіре орындап берді.
Осылайша Наурыз мерекесі сән салтанатымен атап өтіліп, өнегелі өнер иелерінің әуелеген әндері биікке самғады. Келген қонақтар ризашылықпен, жүздері нұрға толып тарады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *