Тұрсынбек Кәкішев

Тұрсынбек Кәкішев (1927-2015) – Әдебиет зерттеуші, жазушы Тұрсынбек Кәкішұлы 1927 жыл 15 тамызда Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Бөрлі ауылында туған. Филология ғылымдарының докторы (1972), профессор (1973), Қазақ КСР – нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1979). Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (1950), Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген (1960). (1944-1945) Ақмола облыстық Қазақ драма театрының актері, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде бөлім меңгеруші, (1950-1958) Партия тарихы институтында кіші  ғылыми қызметкер, (1960-1968) Қазақ КСР ҒА –ның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер. 1968 жылдан ҚазМУ – де аға оқытушы, доцент, профессор, сырттай (1978-1985), күндізгі (1985-1986) филология факультеттерінің деканы, көп жыл осы университеттің филология факультетінде «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасының меңгерушісі болды.

Қазақ әдеби сынының даму жолдары, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетіеің, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары хақында ғылыми ізденістер жасап, өнімді еңбек етіп келді. «Қазақ әдебиетінің тарихы» (3 Т., 1-2 кіт., 1967), «Қазақ совет  әдебиетінің тарихы» (1970, Мәскеу, орыс тілінде), т.б. іргелі еңбектерді даярлап, жазысуға қатысты. С. Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізді: «Сәкен Сейфуллин» (1967), «Қызыл сұңқар» (1968), «Сәкен Сейфуллин» (Мәскеу, ЖЗЛ, 1972, орыс тілінде), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Сәкен сүйген сұлулар» (1997), «Мағжан – Сәкен» (2000), «Сәкен аялаған арулар» (2003) деген он шақты кітап жазды.

Оның әдеби, ғылыми, оқушы қауымға қанықты «Октябрь өркені» (1962), «Дәуір суреттері» (1967), қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеп, «Сын сапары» (1971), «Партия мен әдебиет», «Оңаша отау» (1982), «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» монографияларын жазды. Соңғы еңбегі жоғары оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып келеді. «Санадағы жаралар» (1992), «Ескірмейді естелік» (1994), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995) жинақтары, «Мерей» (2002) сияқты кітаптары, көптеген сын, публицистикалық мақалалары мақсаттылықтың, еңбеккерліктің, білім мен дарынның арқасында жарық көрген.

Қазақстан жазушылар одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері. Халықаралық жоғары мектеп ғылыми академиясының құрметті академигі, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *