Медиатайм

ӨНЕРІМ – ӨМІРІМ
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өнер әдебиеттері бөлімі өнер майталмандарының ішіндегі ақпан айында туған мерейтой иелерін назарларыңызға ұсынады.
Белгілі композитор, ақын жазушы Төкен Ілияс 70 жасқа келді. Өнер иесі саналы ғұмырын сахнаға арнаған. Өнер әлемінде ойып тұрып алатын орны бөлек әншінің мерейтойы Красный яр ауылының Мәдениет үйінде «Өнерім – өмірім» атты кеш ұйымдастырылып, қонақтарға кеш алдында кіреберісте көрме таныстырылып, арнайы дайындалған бейнебаян ұсынылды. Төкен Ілияс табиғат тамаша дарын сыйлаған, ғажап дауыспен бірге кең пейілді, инабатты пайым мен парасат сыйлаған.
Төкен Ілияс 1954 жылы Қытай халық Республикасының Алтай аймағында дүниеге келген. Жасынан өнерге құштар болып өскен дарын иесі Пекиндегі білім ордасын тәмамдайды. 30 жылдан астам уақыт бойы Алтай аймағында қажырлы еңбек еткен. Қытайдың халық артисі атағын алған. 2002 жылы атамекенге оралып, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында әншілік қызмет атқарды. Мәдениет саласында еңбек етіп, қосқан зор үлесі үшін «Мәдениет қайраткері» атағы беріліп, Қазақстанның Алтын кітабына енген. Жалпы Төкен Ілиястың есімі алыс-жақын шет елдерге танымал.

АЙНАЛАЙЫН КӨКШЕДЕН ЕРКЕЛЕТКЕН!
Көкшетау мәдениет сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Бисара Мәкенованың 70 жас мерейтойы мен өнер жолында жүргеніне 50 жыл толуына орай “Айналайын Көкшеден еркелеткен!” атты шығармашылық кеші өтті.
«Өнерде шекара жоқ» екенінің айғағындай, Абай елінде дүниеге келіп, жастайынан ән-жырға құмар болып өскен, саналы ғұмырын Көкше жерінде, сахна төрінде өткізіп, өнерімен танымал болған Бисара Мәкенова – ұлы ақындардың, Қазақстан композиторларының мұраларын және халық әндерін бала кезінен насихаттап, жаңғыртып, саналы ұрпақ тәрбиесіне де зор үлесін қосып келе жатқан өзіндік шығармашылық қолтаңбасы бар шығармашыл тұлға.
Әншінің дарынына тек Қазақстан халқы ғана емес, сонымен Ресей, Польша, Венгрия, Чехославакия, Болгария, Түркия, Индонезия, Франция елдерінің тыңдармандары да сүйсініп, өнер иесін қошеметке бөлеген.
2001 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 10-жылдығында Бисара Мәкенованың қайталанбас даусы қазақ ән шығармашылығының саңлақтары: Ғарифолла Құрманғалиев, Кенен Әзірбаев, Байғабыл Жылқыбаевтармен қатар қойылып, «Ғасырлар сазы», «Қазақстан халықтық музыкалық антологиясы» атты Алтын шағын-дискіге жазылды. «Көкшетауым – ән туым» атты жеке дискі де жарық көрді.
Бисара Мәкенованың шығармашылық кешінде күміс көмей әнші домбырамен дәстүрлі әндерді орындап, К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде тың концерттік бағдарламасын ұсынып, көрермендерін тәнті етті.
Сонымен қатар Бисара Мәкенованың ұлы, К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің әртісі Арман Мәкен де өнер көрсетіп, күймен шашу шашты.
Астана қаласының Еркеғали Рахмадиев атындағы филармониясының әншілері: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Ильясова, Мәдениет қайраткері Арайлым Рахымқызы қатысты. Осы кеште Астанадан келген қонақтар «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» деген атағымен төсбелгісін Бисара Мәкенованың қолына табыс етті.

ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІРІМ
Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, театр және кино актері, сахна саңлағы Төлеубек Көңбайұлы ердің жасы елуге толды. Театр мен кинода сан түрлі образдар галереясын жасап өнерімен өрістеген актердің мерейлі мерекесіне орай, Шахмет Құсайынов театрында шығармашылық апталығы ұйымдастырылды.
18 ақпан күні “ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІРІМ” атты бенефис шоу концерті (қоюшы режиссері Медет Хамзмн), 21 ақпан күні “Тартюф” комедиясы, (авторы Жан Батист Мольер, қоюшы режиссері Барзу Абдураззаков) көрермен назарына ұсынылды. Шығармашылық апталықтың соңғы күні 24 ақпан Төлеубек Көңбайұлының жеке меншік мерекесі қарсаңында арнайы сахналанған Мырза Ғапаров пен Ғалия Ғапарованың қаламынан туған “Киотоға жол” қойылымының алғашқы премьерасы сәтті ойналып, көрерменге жол тартты. Қоюшы режиссері Баатырбек Шамбетов, қоюшы суретшісі Садыр Ниязакунов, балетмейстер Ғазиза Алимбаева. Қойылымда басты рөлдерді ойнаған Төлеубек Көңбайұлы мен талантты актриса Қазақстанның мәдениет саласының үздігі, театр майталманы Маржан Букешова сахнада сан құбылып, актерлық өнердің озық үлгісін көрсетті.
Төлеубек Көңбайұлы Шахмет Құсайынов театры ашылғалы бері театрмен бірге жасап, бір- біріне ұқсамайтын түрлі жанрдағы жүзден астам кесек бейнелер жасап ғана қоймай кино саласында да табанды еңбек етіп жүр. Төлеубек Көңбайұлы қоғам қайраткері, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған тұлға Жұмабек Бейнесін театр мен кинода қатар тірілткен актер ретінде көрерменге жақсы таныс. Жан-жақты өнер иесі режиссерлық қырымен де танылып, театр сахнасында жақсы қойылымдар қойып көзіқарақты көрерменді қуантып жүр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *