Тіл мәртебесі-ел мәртебесі

10 қыркүйек күні М. Жұмабаев атындағы АОӘҒК ақпараттық-библиографиялық бөлімі Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанындағы көпсалалы колледжінің Қазақ тілі және әдебиеті бөлімінің 1 курс студенттеріне «Тіл мәртебесі-ел мәртебесі» атты ақпараттық тайм өткізді.
Мақсаты: Тілдің қоғамдағы рөлін насихаттау, жастардың ана тілін құрметтеуіне ықпал ету; Қазақстандағы көпұлтты халықтың тілдік және мәдени әралуандығын дәріптеу; Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының тіл саласындағы еңбектерін насихаттау; Кітапхана қорындағы тіл туралы әдебиеттерді оқырманға ұсыну арқылы оқуға баулу.
Студентерге тіл мейрамының шығу тарихы жайлы баяндалды. Тілге байланысты сұрақтар қойылды. Студенттер барлық сауалдарға толық әрі нақты жауап берді. Студенттер өз ойларымен бөлісіп, мемлекеттік тілді құрметтеу – әр азаматтың парызы екендігін атап өтті. Шара соңында қатысушылар қазақ тілінің мәртебесін көтеру мен оны дамыту бағытында пікір алмасты. Іс-шарада М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қорындағы тілге байланысты журналдар мен әдебиеттердің «Тіл тағылымы: таңдаулы әдебиеттер тізімі» атты ұсыныстық көрсеткіші таныстырылып, таратылды.
Тіл арқылы халықтың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, дүниетанымы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгі жасайды. Ана тілін құрметтеу – Отанды сүюдің бастамасы. Тілін қастерлеген халық – өз елін, жерін, мәдениетін құрметтеген халық. Сондықтан әрбір азаматтың парызы – ана тілін меңгеру, оны ардақтау, болашаққа жеткізу.