2021 жылы Көкшетау қаласы «Қазақстанның Мәдени астанасы» болып белгіленгелі бері Көкшетау өңірінің мәртебесі артып, жауапкершілігі жоғарылағаны хақ. Осы орайда өңіріміздің мәдениет майталмандарын, ақын-жазушыларын елімізге танытатын түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр.
«Мәдени астана» жобасы аясында өткен сондай іс-шараның бірі ағымдағы жылдың 4-інші қазаны күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы бірігіп, ақын, жазушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, PhD докторы, «Алтын тұғыр – 2019» Республикалық әдеби байқауының гран-при иегері Ерболат Баятұлымен Instagram желісі арқылы онлайн сұхбат өткізді.
Сұхбат барысында алматылық оқырмандар үшін Ерболат Баятұлының шығармашылығы жайында толық ақпарат берілді. Ақын әр жылдары баспадан шыққан өзінің «Уақыт белдеуі», «Уақыт бедері», «Уақыт шеңбері» атты кітаптарына біраз тоқталып өтті. Автор оқырмандарына махаббат лирикасында жазылған «Маңыздырақ» және өзінің жүрегіне жақын өлеңдерінің бірі «Алтайда едік» атты жыр шумақтарынан шашу шашты.