Бурабайға болған саяхат табиғатпен адамды табыстырған таза ауадағы серуенімен бірге тарихпен таныстырған экскурсиясымен де тартымды, қызықты болды. Жолай қонақтармен «Ботай-Бурабай» музейіне ат басын бұрдық. Онда ашық аспан астындағы музей – Ботай дәуірі қонысының туристік сәулеттік-мәдени ансамблімен таныстық. Бурабай символы болатын тұмар тәріздес 7 тұрғын үйден тұратын кешеннің барлық үйлері бір-бірімен жер асты өткелдері арқылы өзара қосылғандығымен және әрқайсысы өзінше бірегей құрылыс екендігімен де көпшілікті таң қалдырды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылы «Ботай-Бурабай» музейі ашылған. 40 жыл бойы зерттеген ғалымдардың еңбектеріне негізінде осы қазақ жерінде бұдан бес жарым-алты мың жыл бұрын өмір сүрген ботайлықтар ең алғашқы жылқыны қолға үйретіп қымыз дайындағандығы анықталған.
Музейдің қызметкері қонақтарға музейдің өз ерекшеліктері мен заңдылықтары бар энеолит дәуірін сипаттайтындығын, олар қыстың күні екі метр жердің төменінде жердің қатпайтындығын сол кездің өзінде білгендігін, дөңгелетіп салған үйлері қазіргі қазақтың киіз үйінің сипатына ұқсайтынын, төбесі шаңырақпен жабылғандығын әсерлі етіп әңгімелеп берді.