Еркеш ИбраҺим

6 қараша күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы көрнекті ақын, қайраткер Еркеш Ибраһимнің шығармашылығына арналған «Қайраткер ақын» атты поэтикалық кеш өткізді.
Поэтикалық кештің мақсаты – Еркеш Ибраһимнің әдеби мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, азаматтық поэзия мен қайраткерлік рухты таныту, сондай-ақ студент жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру болды.
Кешке қаламыздағы колледж студенттері қатысты. Әдеби шара барысында студенттер Еркеш Ибраһимнің отаншылдық, ерлік пен азаматтық рухқа толы өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Әр оқылым ақынның биік мұраты мен ұлт тағдырына деген жанашырлығын ашып көрсетті. Сонымен қатар, кеште ақынның өмір жолы мен қоғамдық қызметі туралы мәліметтер беріліп, бейнематериалдар көрсетілді.
Шара мазмұндылығымен, рухани тереңдігімен ерекшеленіп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Кеш соңында қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс білдіріліп, әдеби рухты жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
«Қайраткер ақын» кеші – ұлттық әдебиетті насихаттау, жастарды рухани байыту жолындағы маңызды қадам. Еркеш Ибраһим сынды тұлғалардың шығармашылығы – ұрпақ үшін өнеге мектебі.