Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өнер әдебиеттері бөлімі «Болашақ сарайымен» бірігіп «Жастар және сән» жобасын жолға қойып отыр.
Тарихи сананы жаңғырту, ұлт тарихын кейінгі ұрпаққа насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бүгінгі Сіз бен біздің басты мақсатымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз әдемі бешпент, қамзолдарымызды тек мереке кезінде ғана емес, күнделікті тұрмысымыздың бір бөлігіне айналдыруымыз керек. Сонда ғана ұлт ретіндегі ерекшелігімізді көрсете аламыз», – деген болатын және «Елімізде еңбекқор адам кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек»,-дейді Президентіміз. Қасым Жомарт Тоқаев осы сөзімен қарапайым еңбек адамына еркіндік беріп, қанат бітіріп отырғандай. Қаншама еліміздің мықты дизайнерлері қиялдарына ерік беріп, еуропаның үлгісіне қазақы нақыштарды байланыстырып, біздің ұлттық өнерпімізді әлемге танытып жүр.
Осыны негізге алған жобаның мақсаты өңіріміздегі жастардың бойында ұлттық киімге деген құрметін арттырып, ұлттық салт-дәстүрімізге деген ықыласын ояту, оларға заманауи киімдердің қазақша үлгідегі ою-өрнектермен әрленген киім үлгілерін ұсынып, жастармен кеңес жүргізу, жас дизайнерлердің пікірлерін тыңдап, ойларын білу болды.
Болашақ сарайының конференцзалында бастау алған жоба ток-шоу форматында өткізілді, оған ұлттық өнерге, әсем киімге жаны жақын жандар жиналды: Болашақ сарайының шығармашылық бөлімінің меңгерушісі Мұхамед Қоңқаев, №2 мектеп лицейінің көркем еңбек пәні мұғалімі. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы сәндік-қолданбалы өнер шеберлері Одағының төрайымы Нұрқанова Гүлбара Намазбекқызы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің шығармашылық және спорт бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Әміржанова Анара Орымбайқызы, осы бөлімнің ұстаздары Сүгірәлиева Гүлсайра, Захай Бибігүл, Бейсембаева Гульбану, Кизатова Айым, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің он саусағынан өнер тамған білікті ұстазы Гүлжазира Қабдразаққызы, «Болашақ сарайының» жас дизайнері Төрегелді Ақбота, жоғары техникалық колледжінің архитектор мамандығына оқып жүрген талапты студент Сәбина Нұржан және дизайнер мамандығына оқып жүрген студенттер және т.б.
Болашақ сарайының төрінде болашағымыздың жарқын, өміріміздің шуақты болуына ерекше роль атқаратын сән тақырыбы, жастардың арасындағы сән үлгісі туралы сөз қозғалды.
Жас дизайнер Төрегелді Ақботаның жетекшілік ететін Жас сәнгер үйірмесінің қатысушылары өздері дайындаған киім үлгілерімен таныстырды. Ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген Сәбина Нұржан өзінің жасаған бұйымдарын қонақтардың назарына ұсынды.
Арнайы шақырылған қонақтар осы іс-шараға ризашылықтарын білдіріп, дайындалған киімдерге өз бағаларын берді, ой-пікірлерімен, ақыл-кеңестерімен бөлісті, жастарға бағыт-бағдар берді.
Жас дизайнерлер де ортаға ой-тілектерін тастады, солардың арасында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Төлеген Ақберен, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің 3 курс киім дизайнері Манзал Меруерт өз ойларын еркін жеткізіп, пікірлерін білдірді. Болашақтарынан үлкен үміт күттіретін осындай жастар өсіп келе жатқандығы көңілді марқайтады.
Соңында Жас сәнгерлерге, үйірменің жетекшісі Ақбота Амангелдіқызына, Сәбина Нұржанға М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық кітапханасының директоры Қуаныш Оспановтың атынан Алғыс хаттар табыс етілді.
Ұйымдастырылған іс-шараның жоғары деңгейде өткені, жастар мен сән тақырыбы бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені айтылып, жиналған қонақтар жоба жалғасын тапсын деген тілекпен тарады.