30 шілдеде қазақ халқының әйгілі әншіcі, сазгері, ақыны Жаяу Мұса Байжанұлы 190 жасқа толады. Ол 1835 жылы 30 шілде күні дүниеге келген. Осы күнге орай Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өнер әдебиеттері бөлімі сазгердің шығармашылығы туралы ақпарат ұсынады. Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз», «Сәулем қыздар», «Гауһар қыз», «Ләйлім» , «Көкаршын», «Ақ сиса», «Хаулау», «Сапар» деген өлеңдері халық арасына кең тараған. Сазгердің әсем ырғақпен, сұлу сыршылдықпен дараланған туындысы – «Көкаршын» өлеңін ақынның өзі «ән еркесі» деп бағалаған. Ақынның «Олжабай батыр» атты көлемді дастаны мен «Данышпан қыз» деген поэмасы бар. Жаяу Мұса мұрасынан «Жақсы мылтық», «Қаршыға», «Бүркіт», «Қақпан» атты аңшылық тақырыбындағы өлеңдері де ерекше орын алады.