Жағымды ауа, пайдалы кеңес

Талай аңыз-жырлардың арқауы болған Бурабайдың көз жауын алар ғажап табиғаты қонақтарымызды таң қалдырды. Расында да, табиғаттың құдіретіне шек жоқ, тастың арасынан жарып шыққан қарағайлар, әйгілі биші қайыңдар, жартастың сан алуан мүсіндері бәрі-бәрі бұл аймақтың ерекше жаратылғандығынан хабар бергендей. Бурабай жері қазақтың маңдайына біткен інжу-маржандарының бірі, «Қазақстанның Швейцариясы» деп бекер аталмағандығына бәрімізді сендіргендей.

Бурабай сапарындағы әсерлі саяхаттан соң кітапханашылар Бурабай музейінде Мәдениет және спорт министрлігі Музейлер мен кітапханалар департаментінің бас сарапшысы Боранбаев Нұрбек Медерұлымен кездесті. Министрліктің өкілі Нұрлан Медерұлы Қазақстан Республикасының 11 аймағынан келіп «Өнер шеруіне» қатысқын кітапханашылардың көптен бері қордаланған сұрақтарына жауап берді, олардың талап-тілектерін тыңдап, өз ұсыныстарын ұсынды, сонымен бірге кітапхана саласындағы заңнамалық базамен таныстырды.

Соңғы кезде кітапханашы мамандардың тапшылығы, жастар кітапханашылық мамадығына оқуға бармайтындығын, ауылдағы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барған жас мамандарға қолдаудың жоқтығы, олардың үй ала алмайтындығын, көптеген кітапханалардың ескіргені себепті типтік ғимараттар салыну қажеттігін, кітапхана нормативін жергілікті тұрғындары аз ауыл мен қаланың жағдайына қарай қайта қарауды, зиян үшін төленетін қосымша ақыны қайта қарастыруды және кейінгі кезде кітапханаларда жаңалық болып аудандық кітапханалардың аядай бөлмелерінде, айналуға келмейтін ауылдық кітапханаларда ашылған «Egov», «Парасат жолы», «Коворкинг» орталықтарын жауып тастау қажет екендігін алға тартқан кітапхана директорларының ұсыныстарын өзіне белгілеп алған Нұрлан Медерұлы «Алдағы уақытта күн тәртібіне осы мәселелер қойылатын болады»-деп мәлімдеді. Министрліктің өкіліне үкілеген үміттерін артып, Үкіметтен көмек күткен кітапхана қызметкерлері Бурабай баурайында өткен кездесуден алған ерекше әсерлерімен, зор сеніммен, жақсы көңіл-күймен кербез Көкшетауға қайта оралды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *