М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Жошы ұлысы –ұлық ұлыс» атты тақырып кеш болып өтті. Іс-шараға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті колледжінің студенттері қатысты.
Танымдық кештің қонағы тарихшы ғалым, докторант Талапкер Уәлиев тарихи деректерді төмендегідей тарқатып берді:
Жошы ұлысы – дүниенің төрт бұрышына билігін жүргізген Шыңғыс ханның өз иелігіндегі жерлерін төрт ұлына бөліп бергенде Жошының үлесіне тиген аса үлкен территориялық аумақ. Зерттеушілердің айтуынша, Жошының қол астына қараған аумаққа қазіргі қазақ жерінің 65 пайызы кірген екен. Кейін бұл аумақтың құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ даласы енген. Осылайша, Жошы ұлысы немесе Қыпшақ даласы атанған ұлан-ғайыр даланың жалпы аумағы 10 млн шаршы шақырымға жеткен. Қыпшақ даласында құрылған Жошы ұлысы кейіннен Алтын Ордаға айналды. Оның дәуірі шамамен екі жарым ғасырға созылды.
Бұдан әрі тарихшы ғалым Алтын Орданың гүлдену, кемелдену дәуіріне тоқталып, сөзін Ұлық ұлыстың ыдырау себептерін түсіндірумен аяқтады. Іс-шара соңында кітапхана ұжымы келген барша қонақтарға алғыс білдіріп, аға буынды жастардың ұлттық тәлім-тәрбиесіне бірлесе атсалысуға шақырды.