«Жыл мезгілдері» жас суретшілер байқауы. Байқаудың мақсаты – Абай шығармашылығын насихаттау, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қызығушылықты арттыру, сондай-ақ дарынды балаларды анықтап, қолдау көрсету. Байқау 2025 жылдың 5–10 тамыз аралығында өтті.
Байқау жұмыстарының тақырыбы Ұлы Абайдың өлеңдері мен прозасына арналды. Байқауға 6–10, 11–14 және 15–17 жас аралығындағы сурет салуға қабілеті бар, бейнелеу өнеріне қызығушылық танытатын балалар мен жасөспірімдер қатысты. Жалпы саны 100-ден астам көркем жұмыс ұсынылды.
Жұмыстар түрлі көркемдік техника мен материалдарды пайдалана отырып орындалды: майлы бояулар, акварель, гуашь, акрил, қарапайым қарындаш. Қатысушылар қиялдарын іске қосып, табиғат көріністерін, адам бейнесін Абайдың поэзиясы мен философиясы призмасы арқылы бейнеледі.
Байқаудың қазылар алқасын – Әдебиет және өнер музейінің бас маманы Бақытбек Бекмұратұлы басқарды, қазылар алқасының мүшелері: кәсіби суретші, педагог Наталья Лосева, «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалының кеңесшісі Мәдина Смағұлова және М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Әсел Смағұлова. Олар жұмыстарды бағалап, үздік туындыларды анықтады. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сурет байқауына демеушілік көрсеткендер: «АМАНАТ» партиясы, «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалы, «Көк Су Кз» компаниясы және «Дастархан» ЖШС.