16 ақпаны күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Жүректі отқа ораған – Ауғанстан» кездесу кеші өтті. Іс-шараға Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің студенттері қатысты.
Ауған соғысының ардагері, полиция подполковнигі Құсайынов Жанатай Қожахметұлы 1985 жылы Көкшетау облыстық әскери комиссариаты арқылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылған. Өзбек ССР-нің Термез қаласында бес айлық даярлықтан өткеннен кейін Ауған аумағына әскери борышын өтеуге жіберілген. Жүк көлігін тізгіндеген жас жауынгер оқ пен оттың астында өткен күндерін студент жастарға былай баяндап берді:
“Құрметті жас буын, сіздер бейбіт заманда өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақсыздар. Біз қалауымыздан тыс, еріксіз бардық бұл соғысқа. Жастық шағымның екі жылын ғана арнадым дегенмен, ол нәубеттің зардабы жүрегімізге жазылмастай жара салды. Әлі түсіме кіреді сол күндер. Көз алдымызда қаншама қарулас серіктерімізден айрылдық. Жүйкемізге ауыр салмақ болды соның бәрі. Саяси ойынның құрбаны болғанымызды кейін білдік. Ал, ол уақытта біз отан қорғап жүрміз, интернационалдық парызымызды өтеп жүрміз деп ойладық. Міне, 35 жыл өтті. Осы күнге жете алмаған достарымызды еске алдық. Рухы шат болсын олардың. Сендерге жарқын болашақ, бақытты өмір тілеймін! -деп ой қорытты ардагер.