М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Заң. Қоғам. Әділдік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Ақмола облысында құқықтық мәдениетті арттыруға, заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарын насихаттауға бағытталды.
Кездесу барысында Ақмола облыстық прокуратурасының аға прокуроры Алтай Айым Алтайқызы сөз сөйлеп, заң талаптары, әділдік ұстанымдары және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне кеңінен тоқталды. Ол жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңды құрметтеу және азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Одан кейін жазушы, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақыт Смағұл сөз сөйлеп, қоғам мен заң тақырыбының рухани және ақпараттық кеңістіктегі орны, әділдік ұғымының маңызы жөнінде ой бөлісті.
Сондай-ақ Ақмола облысы прокурорының көмекшісі Сұрағанов Мақсат Абайұлы құқық қорғау органдарының қызметі, азаматтардың заң алдындағы теңдігі туралы баяндады. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру жөніндегі бөлімнің бас маманы Нұрқанов Серік Ерденұлы мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен жастарға арналған жобаларға тоқталды.
Іс-шара барысында заң талаптары, қоғам тынысы, бүгінгі құқықтық ахуал жан-жақты талқыланып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Кездесудің басты мақсаты – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел мен жерді құрметтеуге баулу, өздерінің заңды құқықтары мен міндеттерін терең түсінуге бағыттау екені атап өтілді.
Дөңгелек үстелге Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттері қатысып, іс-шараның мазмұнды әрі тағылымды өтуіне атсалысты.








