14 қараша күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасы Судьялар одағының мүшесі, әдебиетші, абайтанушы Марат Ақторғайұлы Азбанбаевпен «Абай күнделігі – құқықтың қайнар көзі» атты кездесу кеші өтеді.
Бұл іс-шара екі мамандықты ұштастырған Марат Ақторғайұлымен сұхбаттаса отыра, жастардың әдебиетке қызығушылықтарын ояту, әділ болу мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Марат Ақторғайұлының өмірі мен шығармашылық жолы және сот ісіндегі қажырлы еңбегі жайлы әңгіме қозғалды.
Марат Ақторғайұлы – сот ісінде аянбай еңбек еткен тұлға. Онымен шектеліп қалмай, қазақ әдебиетіне де зор үлес қосып жүр. Айта кетер болсақ, Ұлы Абайдың кезіндегі сот істерін қазіргі уақыттағы сот ісімен салыстыра отырып, кітап шығарған және де одан басқа «Қарқабат», «Әділ, әсем әлем» сынды кітаптары да жарыққа шыққан.
Әдебиетші ретінде кітапқа деген қызығушылықты қалай арттыруға болатыны жайлы өз тәжірибесінен мысал келтіріп, жастарды кітап оқуға шақырды. Абайды, Шоқанды, Шәкәрімді зерттеп, олар жайлы көпшілік біле бермейтін тын деректермен бөлісті. Шара соңында қонақтар Марат Ақторғайұлына сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.






