12 желтоқсан күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жазушы, публицист, қоғам қайраткері Жан Мұхарапұлы Ақжановтың «Семья пожарного» («Өрт сөндірушінің отбасы») атты кітабының тұсаукесері өтті.
Жан Мұхарапұлы Ақжанов – «Последние солдаты», «Путь врача», «Великий дар учителя», «На госслужбе» және басқа да бірқатар еңбектердің авторы.
«Өрт сөндірушінің отбасы» – қазіргі қазақстандық көркем әдебиет үлгісі. Кітапта өрт сөндірушілердің, құтқарушылардың және Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің жауапты да күрделі еңбегі кеңінен суреттеледі.
Іс-шараның ашылуында Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы Сәбитова сөз сөйлеп, авторды жаңа еңбегінің жарық көруімен құттықтап, қатысушыларға алғысын білдірді.
Кітаптың жарыққа шығуына тікелей атсалысқан мамандар – техникалық мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айман Кенжетайқызы Кәкімова, №1 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гаухар Құрманғалиқызы Искакова, сондай-ақ №4 жалпы білім беретін мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Наталья Юрьевна Ибрагимова.
Сонымен қатар Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Ильяс Мұратұлы Жексембаев пен Алмас Еруланұлы Жаналықов сөз алып, кітап туралы пікірлерімен бөлісті. Олар авторға шығармашылық табыс тілеп, алдағы уақытта да жаңа, көлемді еңбектер жазуына тілек білдірді.





