Мағира Қожахметованың 80 жылдық мерейтойында

5 ақпан күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Мағира Қожахметаның 80 жылдығына арналған “Ұлағат пен парасат иесі” атты дөңгелек үстел өтті. Қазақ әдебиеті мен журналистикасының көрнекті өкілі және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметованың елге сіңірген еңбегі туралы баяндамалар оқылды. Салиқалы жиын жазушының ғибратты ғұмыры мен шығармашылық мұрасын ұлықтауды мақсат етті.
Мағира Қожахметованың есімі еліміздің баспасөз саласында ерекше құрметпен аталады. Ол ұзақ жылдар бойы «Балбұлақ» мен «Ақ желкен» секілді басылымдар арқылы талай буынның талғамын қалыптастырып, ұлттық тәрбие мен ана тіліміздің жанашырына айналды. Дөңгелек үстел басында бас қосқан студенттер жазушының тек журналистік қырын ғана емес, оның нәзік прозасы мен терең психологиялық иірімдерге толы шығармаларын да кеңінен талқылады. Іс-шараға қатысқан жастар жазушының алғашқы әңгімелерінен бастап, бүгінгі таңдағы іргелі еңбектеріне дейін шолу жасау мүмкіндігіне ие болды. Кездесуге қатысқан өлкетанушылар Мағира Қожахметованың адамгершілік болмысы мен азаматтық ұстанымы туралы жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Бұл кеш құрметті мерейтой иесінің еңбегін саралап қана қоймай, жас буын үшін үлкен тағылым мектебі болды. Қазақ әйелінің бейнесін, ұлттық құндылықтар мен адамдық парасатты ту еткен жазушының шығармалары болашақта да оқырмандардың рухани азығы болып қала бермек. Мерейтойлық шара соңында қатысушылар осындай тұлғалардың еңбегін насихаттау ұлттық руханиятты байытудың басты кепілі екенін айтып тарқасты.