2023 жылдың 2 қарашасы күні санлы ғұмырын өнер жолына арнаған Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Бекмағамбетов Мереке Мәжитұлы біздің арамызда тірі болғанда бүгін 65 жасқа толар еді.
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының көпшілік іс-шараларына белсенді қатысып, әсем әуезді әндерімен талай кештердің сәнін келтірген Мереке Мәжитұлының жарқын бейнесі біздің оқырмандарымыздың, сүйікті көрермендерінің мәңгі есінде қалары сөзсіз.
Мереке Мәжитұлы Бекмағамбетов 1958 жылы 2 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы, Октябрь ауданы, Өрнек ауылында дүниеге келген.
1984-1989 жылы Мереке Мәжитұлы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын «әнші» мамандығы бойынша оқып бітірген.
Еңбек жолын 1984 жылы Алматы мемлекеттік хор каппеласында КСРО-ның халық әртісі А.Молодовтың қарамағында бастады.
1989 жылдан 1991 жылға дейін Петропавловкск облыстық филармониясында әнші болып, 1991-1997 жылдары “Көкше” фольклорлық ансамблінің әншісі болып қызмет атқарды.
1997 жылдан бастап Ақмола облыстық филармониясының ұжымына әнші ретінде қабылданды.
Мереке Бекмагамбетов әдемі тенорлық дауысты меңгере отырып, әнді жеңіл мәнерлі орындайды. Әр уақытта өз көрермендерін өнерімен тәнті етіп, халқының алғысына бөленген жан. Ол қазақ халық аспаптар оркестрі мен шағын симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орыс және шетел классикасының, қазақ сазгерлерінің шығармаларының шебер орындаушысы.
Шығармашылық гастрольдермен бүкіл Республикамызды аралап, шетелдерде Ресей, Түрік, Польша, Венгрия, Болгария мемлекеттерінде болып қайтты.
Ленский ариясы (Чайковский “Евгений Онегин” ), Айдар ариясы (Жұбанов-Хамиди “Абай”), Біржан ариясы (Төлебаев “Біржан Сара”) сынды опералық арияларды орындап, көрермендерінің ыстық ықыласына бөленген.
Сонымен қатар, филармонияның 50-ші концерттік маусымының жабылу аясында Евгений Брусиловскийдің «Қыз-жібек» операсынан Төлеген және Шеге партияларын, ең күрделі опералық жанрларды жоғары кәсіби шеберлікпен орындап, өзінің шеберлік деңгейін көрсете білді. ( 1996ж.).
Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітіргеннен кейінгі шығармашылық саналы ғұмыры Көкше топырағында өтті. Ұзақ жылдар бойы облыстық филармонияда жемісті еңбек етті. Әнші Мереке Бекмағамбетовтің шырқаған әндері талай көрермендерді тәнті етті. Бойындағы сыпайылық, кірпияздық, тазалық, жауапкершілік, адалдық, ұстамдылық қасиеттері өзгелерге үлгі болды. Үлкенге іні, кішіге аға бола білді. Жұбайынан ерте айырылса да тағдырына мойымай, екі қызы Әйгерім мен Әспетті әкелік қамқорлығына бөлеп жеткізді, құтты қияларына қондырды. Мереке Мәжитұлының көпшіл, кең пейіл, жарқын бейнесі біздің мәңгі жадымызда сақталады.