5 қаңтар күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өнер әдебиеттері бөлімі Мұрат Мақсұтұлының 80 жылдығына орай «Бір сурет – бір мағына» атты витраж ұсынады.Мұрат Мақсұтұлы — қазақ театр өнерінің сахналық кеңістігін көркем оймен түлеткен, өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті театр суретшісі. Оның шығармашылық жолы сахна мен бейненің, ұлттық рух пен заманауи эстетиканың тоғысқан тұсында қалыптасты.
Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркем училищесінде театр декорациясы мамандығын меңгерген ол, кәсіби білімін терең шығармашылық ізденіспен ұштастырып, сахна кеңістігін драматургиямен үндес тірі образға айналдыра білді.
Мұрат Мақсұтұлы ұлттық болмысты заманауи көркемдік ізденіспен шебер сабақтастыра отырып, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, Д. Исабеков шығармаларымен қатар У. Шекспир, Н. Гоголь, А. Островский пьесаларына жасаған сценографиялық шешімдері арқылы көрермен мен кәсіби орта тарапынан жоғары бағаланды.
Сахна өнеріне сіңірген өлшеусіз еңбегі мен биік көркемдік талғамы үшін театрдың бас суретшісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұрат Мақсұтұлы «Ең үздік сценография үшін» номинациясына лайық деп танылды.
