Бүгін Көкшетау қаласының “Көкшетау” Мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Салем, Елорда!» ІІ республикалық өнер фестивалі бастау алды. Ақмола облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының бастығы Айгүл Сәбитова келген қонақтарды құттықтап, салтанатты шараны ашып берді. Өнер шеруіне еліміздің түкпір-түкпірінен мәдениет саласының қызметкерлері қатысуда.
Мәдениет саласында тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік беретін бұл шараларға жоғары білікті және тәжірибелі мамандар тартылған, олар шараға қатысушы хореография мамандары, облыстық кітапханалар, көркемдік менеджмент, сондай-ақ халық шығармашылығын дамытатын концерттік ұйымдар мен орталықтар, облыстық филармония мамандары үшін үш күндік шеберлік сабақтарын өткізетін болады. «Сәлем Елорда» фестивалінің ашылуынан кейін кітапханашыларға арналған іс-шара Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жалғасты. Кітапхана директоры Құдайберлі Мырзабек қонақтарға игі тілегін білдіріп, шараны ашып берді. ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова өткен жылы Алматыдан бастау алып, биылғы жылы екінші рет өткізіліп отырған фестиваль қатысушыларын құттықтап, Құдайберлі Рақымбекұлына «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына 110 жыл» төсбелгісін табыс етті. Одан әрі шеберлік сыныбы өз жұмысын бастады. Онда Web-RABIS бағдарламасымен жұмыс жасау бойынша слайд көрермендердің назарына ұсынылды және бағдарламаны оқыту бойынша сабақты ҚР Ұлттық кітапханасының спикері Искалиева Нурия Аманғалиқызы жүргізді.