2022 жылдың 22-ші қыркүйегінде М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының төрінде «Мәлік Ғабдуллин» кітабының авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов пен журналист, жазушы-аудармашы, қоғам және мәдениет қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Төлеғұл Ғосман Төлеғұлұлы аударған Серік Негимовтың «Мәлік Ғабдуллин» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Салтанатты тұсаукесер рәсіміне Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов, Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әмренова Көкшетау қаласының зиялы қауымы және Көкшетау қаласының білім бөлімінің, М.Ғабдуллин музейінің өкілдері, М.Ғабдуллин атындағы №3 мамандандырылған гимназиясының оқушылары, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттері мен Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының офицерлері қатысты.
Бұл кітап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор С.Негимовтың Кеңес Одағының Батыры, КСРО педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, халық әдебиетінің ұлы білушісі, жазушы, публицист, әскери мемуаршы Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен қызметіне және батырлық ерлігіне арналған. (1915-1973)
Оның балалық шағы, студенттік және аспирантуралық өмір кезеңі, Ұлы Отан соғысы кезінде Мәскеуді қорғаудағы маңызды әрекеттері туралы айтылады. Ұлттық әдебиетке, фольклорға, педагогика-психология ғылымына қосқан орасан зор үлесі, ұлы эпистолярлық мұрасы – Мәлік Ғабдуллиннің шығармашылық өмірбаяны әдеби-тарихи мұрағат материалдары мен замандастарының естеліктері негізінде зерттелген. Осындай біртуар тұлғаның өнегелі өмірі ешкімді бей-жай қалдырмасы сөзсіз. Кітап жазушыларға, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, сондай-ақ қалың оқырман қауымға арналған.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Мұратұлы және кітапты аударған Ғосман Төлеғұлұлы профессор С.Негимовтың тарихи деректі филологиялық зерттеулерден тұратын құнды еңбегінің орыс тіліне аудармасының тұсауын салтанатпен кесті.
Зиялы қауым өкілдері жаңа кітап жайлы өз пікірлерін, жылы лебіздерін білдірді.
Әсерлі де әдемі өткен тұсаукесердің соңында қонақтар естелік суретке түсті.