4 сәуір күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері ақын, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Серік Жетпісқалиевтың 65 жылдық мерейтойы мен Халықаралық балалар кітабы апталығын ұштастыра отырып, «Балалар әлемі: жазушының көзқарасы» атты жазушымен кездесу кешін өткізді.
Іс-шара ақын, жазушы Серік Жетпісқалиевтың 65 жылдық мерейтойының аталып өтілуіне атсалысу, Халықаралық балалар кітабы күніне орай жазушының балаларға арналған шығармаларын жастар мен оқушы балаларға насихаттау, қазақ әдебиетіндегі балалар әдебиетінің дәрежесін көтеру мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу кешінде Серік Жетпісқалиевпен сұқбаттаса отырып, көрермен қауымның әдебиетке деген қызығушылығы шыңдалды. Серік Сапарұлы өзінің туған жеріндегі бақытты балалық шағын еске алып, жастармен бөлісті және балалар әдебиетінің болашағына тоқталып, маңыздылығын айтты. «Көзімдей көр», «Тасқайрақ», «Балық аулай барғанда» атты кітаптарындағы шығармалардың жазылу тарихын автор өзі баяндады.
№21 мектеп оқушылары әрі кітапхананың тұрақты оқырман қауымы ақынның өлеңдерін оқыса, «Болашақ сарайының» тәрбиеленушісі Азаматұлы Әмірәли ақынға арнап күй шертті. Ақынның кітаптарынан жинақталған «Жүрегіңнің үнін тыңда» атты кітап көрмесі оқырман қауымға ұсынылды. Облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері Берденбек Мырзат Серік Сапарұлына арнауын паш етті.
Іс-шара соңында Серік Жетпісқалиев Балалармен жұмыс секторының ұйымдастырған іс-шараларына белсене қатысқан оқушыларға алғыс хат табыстап, ізгі тілегін білдірді.
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының атынан Серік Сапарұлына да арнайы алғыс хат табысталды.