«Серілердің соңғысы» конференциясы

12 желтоқсан күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның Халық жазушысы, драматург, публицист, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Сәкен сері Жүнісовтың 90 жылдығына арналған «Серілердің соңғысы» атты ғылыми-теориялық конференция өтті.
Бұл конференция кітапханамыздың күрделі жөндеуден кейінгі ашылуына тұспа-тұс келіп отыр. Осы екі шараны ұштастыра отырып, кітапхананың жаңа залдарының да салтанатты ашылуы болды. Оның бірі жазушы, драматург, ақын Төлеген Сыздықұлы Қажыбаевтың асыл мұрасы жинақталған жеке кабинеті. Ол кабинетте жазушының өзі қолданған заттары, кітаптары, құнды жәдігерлері бар. Оны жазушының ұлы, Әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі. Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының «Үздік ұстаз» төсбелгісінің иегері, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Аян Төлегенұлы кітапханаға тапсырды.
Жазушы кабинеті Төлеген Қажыбаевтың есімін өскелең ұрпаққа таныту, оның асыл мұрасын, еңбектерін насихаттау, Төлеген ағамыз жайлы зерттеуші жандарға жағдай жасау мақсатында ашылды. Жазушы кабинеті ашылуының лентасын Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы мен филология ғылымдарының кандидаты, ұлағатты ұстаз, Төлеген Қажыбаевтың құрдасы һәм досы Аманжол Ыдырысұлы қиды.
Ал екіншісі Қазақстанның Халық жазушысы Сәкен сері Жүнісов атындағы мәжіліс залы. Бұл залда жазушының жеке кітапханасындағы кітаптар мен фотосуреттері орын алған. Сәкен сері Жүнісовтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, жастарға жазушының асқақ тұлғасын таныту мақсатында ашылған мәжіліс залында ғылыми конференциялар, әдеби кештер мен пікірталас өткізетін боламыз. Бұл мәжіліс залын салтанатты түрде жазушы, драматург, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Сенаты жанындағы Сенаторлар Кеңесінің мүшесі «Тіршілік» ЖШС директоры Жабал Ерғалиұлы, Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Қуаныш Ерғалиұлы ашты. Бұл бастама тек әдеби мұраны сақтап қана қоймай, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани шамшыраққа айналары сөзсіз.
Сәкен сері Жүнісовтың 90 жылдығына арналған «Серілердің соңғысы» атты ғылыми-теориялық конференция да жоғары деңгейде өтті. Конференцияда жазушының кейінгі ұрпаққа қалдырған еңбегі жайлы баяндамалар оқылды. Қазақ әдебиетінде өз орны бар зерттеуші ғалымдар сөз сөйлеп, Сәкен сері жайлы естеліктерімен бөлісті.
Конференция соңында кітапхананың алдағы уақытта атқаратын жоспары және көкшелік азаматтардың Сәкен сері есімін асқақтату мақсатында орасан зор жұмыстар жасайтыны айтылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *