18 сәуір күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР спорт қайраткері, Құрмет орденінің иегері, 7,8 шақырылған Көкшетау қаласы мәслихатының депутаты, запастағы полковник Мереке Ертайұлы Жүсіповтың 55 жылдық мерейтойына орай № 11 мектеп-гимназиясының оқушыларымен кездесу кеш өткізді.
Бұл кездесуге әскери сынып оқушылары шақырылды. Себебі, Мереке Ертайұлы погон киіп, ұзақ жылдар бойы ІІМ, ТЖМ және Қорғаныс министрлігінде қызмет етіп, полковник әскери атағына ие болған.
Мереке Ертайұлы оқушыларға үлкен спортқа қалай келгенін айтты. Ол өзінің алғашқы жаттықтырушыларына ерекше тоқталып, жылулықпен еске алды. Сонымен қатар, табысқа жету құпияларымен бөлісті, боксшы қалаған мақсатқа жету үшін табанды жұмыс істеу керек екендігін атап өтті.
Жанды атмосфера, жағымды көңіл-күй, еркін отырыс, ашық әңгіме – бұл кездесудің негізгі сәті болды. Кездесу балаларға керемет әсер қалдырды. Өйткені олар Мереке Жүсіпов сияқты мықты адамдардың мысалында өз ісінің шебері болуға үйренеді.