Бүгін Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қабыкен Қонқаев қадірлі қонақ болды. Қабыкен Қонқаев –өлкетанушы, шежіреші, тарихшы, еңбек ардагері. Қабыкен ақсақал өлке тарихы туралы жазған көптеген мақалаларында оқырман қауымға беймәлім тақырыптарды қаузап, елдің алғысын алды. Кітапханада Төлеген Қажыбаевтың оқу кабинетін, Сәкен Жүнісовтың мәжіліс залын аралап, аталған қаламгерлер жайлы жылы естеліктер айтты. Сондай-ақ, құрметті қонағымыз С.Жүнісов атындағы залдың қорына екі кітап сыйға тартып, кітапхана ұжымы жұмысына табыс тілеп, аталық ақ батасын берді.