Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков

Қазақ өнерінің іргетасын қалап, ұлттық мәдениетімізді көтеруге өзіндік үлес қосқан халқымыздың жезтаңдай әншісі Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков 1904 жылы 28 тамызда дүниеге келген. Ж.Елебеков репертуары негізінен халықтың және халық композиторларының музыкалық құрылысы мен тілі күрделі, сыршыл әндерінен: «Ардақ», «Ағаш аяқ», «Айтбай», «Жамбас сипар», «Жиырма бес», «Қанатталды», «Құлагер», «Сегіз аяқ», «Сұржекей» тұрды. Біртуар дарын иесі Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Жарылғапберді әндерімен қоса ұлы Абай әндерінің бірден-бір насихаттаушысы еді.
Халық композиторларының әндерін өз бояуында тыңдаушысына жеткізіп, көпшіліктің жүрегіне жол тапқан, әсерлі үнімен жан тебіренткен асқақ әншінің артында шебер орындаған үш жүзден астам әні қалды.