Қазақтың желқанатты «жезкиігі» Кәкімбек Салықов ақындығы мен әкімдігін ұштастыра білген біртума дарын иесі. Ол ұлт мақтаныштары Сәкен Жүнісов, Шерхан Мұртаза, Қамал Смайыловтай тұлғалардың қатарында болды.
Оның алғашқы «Сыр» атты өлеңдер жинағы 1977 жылы жарық көрді. Сол жылы «Жезкиік» атты жыр жинағы орыс тіліне аударылып жарияланды. 1981 жылы «Қырғызстан» баспасы оның «Нұрлы күндер» кітабын қырғыз тілінде, 1983 жылы Ғафур Ғұлам баспасы «Жезкиік» жинағын өзбек тілінде шығарды. «Букетовке реквием», «Эдельвейс», «Ғасырға тең бір мезет», «Че Гевара» атты поэмалары орыс тіліне аударылды. К.Салықов – «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Жезкиік», «Еңлікгүл», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі» секілді көптеген поэмалардың авторы.
Кәкімбек Салықов – қазіргі қазақ поэзиясында есімі кең тараған ақындардың бірі. Оның әсем лириктігіне қоса, өзі шығарған және өлеңдеріне жазылған әндер қосылып, ақын атын елге әйгілеп жіберді. Қазір қазақ даласының қай түкпіріне барсаңыз да, «Жезкиік», «Аққу жеткен», «Саумал көл», «Сарыарқа», «Сағыныш», «Аққу әні», «Үш арыс», «Бір ауыз сөз», «Оқжетпес», «Көкшетау» деген әндер алдыңыздан шығады. Себебі бұл туындылар халық әніне айналып кетті. Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев сияқты композиторлар ақынның көптеген өлеңдеріне ән шығарды.