Бурабай баурайындағы семинар

Қазақстан Республиасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар  басқармасы және М.Жұмабаев атындағы АОӘҒК мұрындық болуымен Бурабай ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жанындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің базасында «Кітапханалар тәжірибесі: жаңа бастамалар мен жетістіктер» тақырыбындағы облыстық семинар 2021 жылдың 25-26 қазанында өтті.

Оған Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Сәбитова Айгүл Баубекқызы, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Күзембаева Анар Тілеужанқызы,  АОӘҒК-ның қызметкерлері, Ақмола облысының мемлекеттік кітапханалар жүйесінің директорлары мен әдіскерлері, БАҚ өкілдері және облыстық телеарна қатысты.

Семинардың ашылу салтанатын М.Жұмабаев атындағы АОӘҒК директоры Қ.Р.Мырзабек өзі жүргізіп, жетекшілік етті. 

Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар  басқарма басшысы А.Б.Сәбитова Облыс аумағындағы кітапханалардың екі жыл ішіндегі жеткен жетістіктері мен салалық мәселелері бойынша шолу жасап, алдағы уақыттағы ҚР мәдениет саясаты тұжырымдамасы мен оның басым бағыттары жөнінде ауқымды баяндама жасады, сөзінің соңында семинар қатысушыларын құттықтап, сәттілік тіледі.

Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Күзембаева Анар Тілеужанқызы құттықтау сөз сөйледі. Ондағы мәдениет ошақтарының жағдайын, жөндеу жұмыстарының жүргізілгендігін,  аудандық кітапханада 4 ірі жоба жұмыс істейтіндігін жеткізді. Туристік өңір болғандықтан талап күшті екендігін соған лайықты кітапхана қызметкерлері өз жұмыстарын белсенділікпен атқаратындығын ризашылықпен тілге алды. Келген қонақтарға табиғаты тамылжыған Бурабай баурайында өтетін семинардың сәтті өтуіне тілек білдірді.       

Облыстық кітапхананың кітапханаларды дамыту бөлімінің басшысы Жұмабике Мұрзағалиева «Жаңа кезең – жаңа жұмыс түрлер» кітапханалық променад жайында, яғни Шет мемлекеттердегі кітапхана ісіндегі жаңашыл  бағыт-бағдарлар туралы ақпарат берді. Кітапхана директорлары өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

«Кітапхана жқмысының негізгі бағыттары мен түрлері» тақырыбында Бурабай ОКЖ-нің директоры Назира Рамазанова сөз сөйледі. Назира Қуанышқызы өз сөзінде пандемия кезіндегі әлеуметтік желілердегі онлайн форматтағы жұмыстардың белсенді жүргізілгендігін, ондағы ұжымның жүйелі түрде сапалы жұмыс атқаруы туралы тартымды тілде баяндап берді.

 Үзілістен кейін семинар одан әрі жалғасып, Облыстық кітапхананың кітапханаларды дамыту бөлімінің және ақпараттық-библиографилық бөлімінің мамандары шеберлік сабақтарын өткізді, онда кітапханаларды дамыту бөлімінің әдіскерлері Жұмадилова Әсем «Виртуалды кітап көрмесінің» қалай жасалу жолын семинар қатысушыларына Абайдың 175 жылдығына орай дайындалған кітап көрмесінің  көмегімен түсіндірді. Әлемдегі елдердің арасындағы тәлім-тәрбиенің биіктігін ұлықтайтын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобасын жүзеге асырылуы барысымен таныстыру мақсатында Қарлығаш Тналина «Рухани жаңғыру – қоғам дамуының тірегі» тақырыбындағы тәжірибелік сабағында  Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша өңіріміздегі жүзеге асырылып жатқан жұмыстар бойынша таныстыра келе, есеп берудегі кейбір кездесетін қиындықтарға тоқталып, тиімді жолдарын түсіндірді.

Ақпараттық-библиографилық бөлімінің басшысы Махаббат Ивахина «Құжаттарды цифрландыру» тақырыбында тәжірибелік сабағын өткізді. Облыстық кітапханада цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша слайдтың көмегімен таныстырып шықты. Құжаттарды цифрландыру тақырыбы бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі болғандықтан қызығушылық танытқандар көп болды.

Бурабай ОКЖ ұжымы облыстық семинарға қатысқан әріптестерін жарқын құшақпен қарсы алумен қатар өмір ағысымен қатар жүзіп келе жатқан, кітапхана ұжымының ізденімпаз жастарының жаңа креативті жобаларымен таныстырып, «TeamLab (жобалармен жұмыс жасау) – идеядан креативті жобаларға» тақырыбында кітапханалық жобаларды жоспарлаудан бастап соңғы нәтижесіне дейін жеткізу жолдарын көрсетті, «Кітапхана – шығармашылық алаңы» атты кітап көрмесімен таныстырды. Осы орайда біліктілігімен, еңбек тәжірибесімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ұжымды басқарып отырған Бурабай ОКЖ директоры Назира Рамазанованы ерекше атап өту керек.

Семинарда баяндамалар мен әдістемелік ұсынымдардың жалғасы  Көкше жеріндегі Бурабайдың тамаша табиғатының  аясында жалғасын тауып, Көкшетау қыратының ең биік жері Оқжетпес тауына, ашық аспан астында орналасқан «Ботай – Бурабай» археологиялық-этнографиялық мұражайына,  «Абылай хан алаңына» және өзге де қасиетті жерлерге саяхат жасалды.

Саяхаттан соң Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар  басқарма басшысы А.Б.Сәбитова Бурабай ОКЖ қызметкерлері  Уразалимова Зауреш Қазбекқызына және Абдыгужина Айсұлу Қабиденқызына Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай кітапхана саласындағы еселі еңбектері үшін «Алғыс хаттарын» табыс етті.

Семинардың екінші күні Степногорск ОКЖ-ның кітапханаларды дамыту бөлімінің басшысы А.Қ.Илиясова, библиограф Л.В. Саленко «Ынта, Жаңашылдық. Шығармашылық» тақырыбында тренинг сабақтарымен жалғасатын болады.

Семинар соңында «Кітапхана саласын жаңғырту және дамыту мәселелері» атты ашық микрофон өткізіледі. Семинарға қатысушылар осы екі күндік семинардан алған әсерлері мен үйреніп-білген жаңалықтарына қатысты  пікірлерін ортаға салып, алдағы уақыттардағы семинар тақырыптарын және өткізу үлгілерін ұсынады.

Көптен бері мұндай бас қосудың болмағандығы себепті кітапхана қызметкерлері семинардың берері мол екенін айтты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *