«Сәлем Елорда» ІІ фестивалінің аяқталар сәті де келіп жетті. Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында үш күн қатарынан өткізілген Республикамыздың аудандық кітапханалар директорларына арналған шеберлік сағаттары қатысушыларға пайдалы, есте қаларлықтай қуаныш пен әсерлі сәтке толы болды деуге болады.
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова, ҚР Ұлттық кітапханасының директорының орынбасары Исқалиева Нүрия Аманғалиқызы, ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Маханбетова Гүлмира Абылайханқызының шеберлік сабақтарынан кейін Бурабайдағы Мәдениет және спорт министрлігі Музейлер мен кітапханалар департаментінің бас сарапшысы Боранбаев Нұрбек Медерұлымен кездесті.
Ал бүгін, 14 қазанда «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Иманқұлова Светлана Кеңесқызымен шеберлік сыныбы болып өтті.
Іс-шараның соңынан марапаттау рәсімдеріне кезек берілді. Осы шараға мұрындық болған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» МКҰ РМҚК директорының орынбасары Сексенбаев Жанат Төлегенұлы қатысушыларға өзінің ризашылығын білдіріп, сөз сөйлеп, соңында ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың атынан ҚР Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспановаға «Алғыс хатын» табыс етті.
Светлана Кеңесқызы еліміздің барлық кітапханаларымен тығыз байланыста екендігін, олардың тыныс-тіршіліктерінен хабардар екендігін өз сөзінен аңғартты. ҚР Президентінің жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясы аясында қоғамның дамуына қосқан елеулі үлесі, әлеуметтік әріптестікті дамытудағы еңбектері үшін бірнеше кітапхана директорларын «Алғыс хатымен» «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Бірнеше кітапхана директорлары «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды, солардың қатарында Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Құдайберлі Мырзабек те бар.
Облыстық кітапхана директоры Құдайберлі Рақымбекұлы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, сөз сөйледі, әрбір келген қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етті.
Алыс-жақыннан ат арылтып келген кітапхана директорлары аз уақыт ішінде алған тәлімдері мен сабақтары үшін ұйымдастырушыларға зор ризашылықтарын білдіріп тарады.