2025 жылдың 24 сәуір күні Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Жұмекен ақынның 90 жылдығына арнап «Тұмса жырдың тұнығы» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.
Іс шара құдіретті жырдың — пайғамбары Жұмекен мұрасын насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында Қонысбай ауылының жалпы білім беретін мектебінде өтті.
Әдеби-сазды кешке ақын Оралбек Нүрүш қатысып, оқушыларға ақынның шығармашылығы жайлы сөз қозғады. «Ол — жырдың тұнығын ішкен, таланты да дарынды тұлға. Жұмекеннің ғажап жырымен сусындау бізге ләзім. Ол — табиғат тудырған ақын. Әр қазақтың жадында Жұмекеннің жыры жатталып жүру керек. Біз Жұмекенді тану арқылы өзімізді танимыз» деді Оралбек Нүрүш.
Ұстаздар, оқушылар Жұмекен жайлы сұрақ қойып, өздері білгісі келетін дүниенің бәрін сұрады. Оралбек Нүрүш баппен сөйлеп, әр сұрақтың жауабын бағамдап берді.