Театр және отбасы бақыты

М. Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада   Халықаралық театр күніне және 1 сәуір – Күлкі күніне орай «Театр және отбасы бақыты» атты өмірде де өнерде де жұбын жазбай бірге келе жатқан ерлі-зайыптылар, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының актерлері, театрдың көркемдік жетекшісі Қайрат Мамытұлы Мырзаболатов пен жоғары санатты драма әртісі Жанар Сатубайқызы Құсайыновамен кездесу кеші өтті.  Оған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері қатысты.

LED экран арқылы  барша театр өнерпаздарының сахнадағы Абыз атасы, сахна саңлағы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Бекжан Асаубайұлы Тұрыстың және Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, белгілі драматург Сая Қасымбектің құттықтаулары жеткізілді.

Мұхтар Әуезов: «Өнердің ғылымнан айырмасы – Ғылым анайы топырақты білмейді, еркін, отансыз, анасыз зат. Бұған қарағанда, өнер қаны, жаны бар денелі зат сияқты. Бұл анасының ұрпағы болып қана туа алады. Солай болып туа алса ғана өсіп-өніп дәурен сүреді» – дейді. Сол Мұхтар Әуезовтің айтқанындай, ана тілімізде өнерге жан бітірген жас мамандар қол ұстасып 1995 жылы Темірбек Жүргенев атындағы мемлекеттік театр және кино институтын бітіргеннен алғашқы еңбек жолдарын Шахмет Құсайнов атындағы театрдың қабырғасын қалаудан бастаған. 26 жыл бойы осы театрмен бірге өсіп, тер төгіп, жемісті қызмет атқарып келеді. Тұңғыш ролдерін театр шымылдығын ашқан «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінің басты рольдерінен бастаған екеуі де сахналық сүйкімімен, жастық жалынымен көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленген сол сәттен бастап, отандық мәдениеттің мәуе жаюына зор үлес қосып, театрдың дәріпті дәстүрін қалыптастырып, талантты қаламгерлердің көрнекті шығармаларын сахналап, жұртшылықтың ықыласы мен құрметіне бөленіп келеді.

Кеш барысында қонақтарымыз Қайрат Мамытұлымен және Жанар Сатубайқызымен сұхбаттасып отырып, анкета сұрақтарына жауап алынды, сахналық көрініс көрсетілді, қонақкәде сұралды. Жастарға өте қызықты болды.

Кеш барысында театрдың қос тарланымен жақыннан танысып отырып, олардың өнегелі өмірін, алып бәйтеректей әулеттің берекесі мен бірлігін, жарасымды жұптардың отбасылық сыйластығын, өмірлеріндегі қызықты сәттерін өздерінің әсерлі әңгімелерінен студент жастар танып-білді, тұшынып тыңдады.

Соңында кітапхананың басшысы Құдайберлі Рахымбекұлы қонақтарға ризашылығын білдіріп, естелік сыйлық табыс етті. Жастар рухани дем алып, қонақтармен естелік  фотоға түсті. Қонақтарымыз алғысын білдіріп, жастарды театрға шақырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *