БЕКЗАТ ӨНЕРДІҢ БАПКЕРІ

Театр – өнер құрметіне арнап салынған салтанатты сарай. Киелі сахнадан көрерменге рухани нұр, рухани сахна, рухани қуат сыйлайтын қоғамдық өміріміздің мәдени орталығы.

Кітапхана директоры Қуаныш Ерғалиұлының қолдауымен «Өңіріміздің өнер майталмандары» жобасының аясында «Барыңды бағала» айдарымен алтыншы рет өткізіліп отырған кездесу Халықаралық театр күні мерекесіне орай өткізілді.

Бұл жолы кешіміз Көкшетау қаласына театрдың іргесін қалаған, 40 жылдан аса уақыттан бері Қазақ мәдениетінің дамуына үлес қосып, білім нәрін сеуіп келе жатқан бекзат өнердің бапкері, сан мықтылардың ұстазы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, бірнеше рет Мәдениет Министрлігінің Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған, Мемлекет сыйлығының иегері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік Университетінің «Жауқазын» студенттік жастар театры студиясының көркемдік жетекшісі – Құдайберген Насыровқа арналды.

Әрбір өнер адамын тану, шығармашылығымен, өмір жолымен таныс болу әрбіріміз үшін де маңызы зор.

Құдайберген Насырұлының өнер жолына арналған «Бекзат өнердің бапкері» атты танымдық-тағылымдық кездесу кешіне өнерді жоғары бағалайтын, құрметтейтін азаматтар, өнер жолына бағын байлаған студент жастар, кітапханашылар қатысты. 

Кешіміздің шымылдығын Ұстаздарына арнаған тосын сыйларымен Құдайберген Насырұлының  шәкірттері,   «Жауқазын» студенттік жастар театры студиясы ашты.  

Өзі жайлы әңгімесінде «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты»,– дегендей, қасиетті өнерге Арқа төрінен қанат қаққан айтулы тұлға, ұлттық сахна өнерінің мақтанышы, КСРО және Қазақстан  Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Шолпан Иса­бекқызы Жандарбекованың шәкірті болғандығын айтып, Шолпан Иса­бекқызының өміріне тоқталды.     

Кешіміздің қонағы көптеген сұрақтарға жауап берді. Өзі баптаған шәкірттері: “Қазақстан” Республикалық телерадиокорпорациясы Ақмола облыстық филиалының аға режиссері Балахметов Нұржанды, «Еl jastar» эксперименталды-лабораториялық жастар театрының директоры, Ақан сері колледжінің директор орынбасары Хакім Хасанбайды, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі, ақын – жазушы Манарбек Қыдырбайұлын,Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының ұстазы, Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының қызметкері, елімізге танымал жас драматург Қолғанат Мұратұлын, Театртанушы, Ақан сері колледжінің ұстазы Нұрислам Әбділді мақтанышпен тілге алды. Шәкірттері де ұстаздарына деген игі тілектерін білдірді.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректорының кеңесшісі Аманай Сейтқасымов, Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Төкен Ілияс, Қазақстан Республикасының мәдениет үздігі төс белгісінің иегері Абсалық Салық Құдайберген Насырұлы туралы өздерінің танып білген естеліктерін айтып, тілектерін білдірді.

Естеліктерді еске алған сәттерде бірі Құдайберген Насыровтың мұнан көп жыл бұрын ең алғаш Наурыз мерекесін Керуенімен алып келгенін, Темір жол вокзалынан басталған керуеннің көші мерекелік сән-салтанатымен орталыққа дейін жетіп, қазақтың нағыз жаңа жылының келбетін салт-дәстүрімен, ән-күйімен көрсеткенін айтса, енді бірі Абылай ханның ешкім біле бермейтін екі күйін Қарағанды облысынан арнайы барып жаздырып әкеліп, оркестрдің қорына қосқанын да айтты.

Соңында кітапхана директорының орынбасары Галина Савенкова іс-шараның кейіпкері болып, мәні мен мағынасы зор кеш сыйлағаны үшін Құдайберген Насырұлына алғысын білдіріп, естелік сыйлық пен Алғыс хат табыс етті.

Қатысушылар  естелік фотоға түсіп, ризашылықпен тарады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *