Күні кеше хабарлағанымыздай «Кітапханалар тәжірибесі: жаңа бастамалар мен жетістіктер» тақырыбындағы облыстық семинар Бурабай баурайында бүгін де жалғасын тапты. Екі күндік семинарға жетекшілік еткен Құдайберлі Мырзабек одан әрі жұмысын жалғастырды. Сөз тізгінін Степногорск ОКЖ-ның кітапханаларды дамыту бөлімінің басшысы А.Қ.Илиясоваға, және библиограф Л.В. Саленкоға беріп, олар «Ынта, Жаңашылдық. Шығармашылық» тақырыбында тренинг сабақтарын жүргізді.
Одан әрі «Кітапхана саласын жаңғырту және дамыту мәселелері» тақырыбында ашық микрофонға кезек беріліп, онда әріптестеріміз осы екі күндік семинардан алған әсерлері мен үйреніп-білген жаңалықтарына қатысты өз ойларын ортаға салды, ұсыныстарын білдірді.
Құдайберлі Рахымбекұлы семинардың соңында қорытынды жасап, кітапхана ісіне қатысты біраз тақырып қозғалғанын, кітапхана қызметкерлерінің заман талабына сай күнделікті ізденіс үстінде жұмыстарына жаңалық енгізу үшін де мұндай семинарлардың қажет екендігін баса айтып өтті және «Кітапханалар тәжірибесі: жаңа бастамалар мен жетістіктер» тақырыбындағы облыстық семинарға белсене қатысқандары үшін кітапхана директорлары мен әдіскерлеріне сертификаттар табыстады.
Екі күн бойы сұлу табиғаттың аясында демалып, алған әсерлерімен қатар көптеген жаңалықтармен, жаңа жобалармен танысып, мәліметтер жинаған кітапхана қызметкерлері М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымына игі тілектерін, ризашылықтарын білдіріп, осындай семинарлар жиі өткізіліп тұруы қажет деген тілекпен тарқады.