Жыл кітабы – «Жанталас»

«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық әмбебап ғылыми кітапханасымен бірлесіп белгілі жазушы, драматург Сая Қасымбектің шығармашылығына арналған «Жыл кітабы – «Жанталас»» атты шығармашылық кешін өткізді.
Әдеби кешке ZOOM платформасы арқылы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері, кітапханашылар қатысты. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында 2021 жылы таңдалған 30 кітаптың қатарында драматургия жанры бойынша Сая Қасымбектің «Жанталас» атты кітабы таңдалған. Осы орайда автормен кездесу барысында бүгінгі драматургия, ежелгі тарих, әдебиет пен мәдениет, театр тарихы төңірегінде сөз қозғалды.
Сөз кезегі Сая Қасымбекке берілгенде ол кісі «Жанталас» пьесасының жазылу себебіне тоқталып, Түркістанда тақыр жерден театр ашқан өнер тарланы Райымбек Сейтметовтың тапсырмасымен ұстазының орындалмаған арманын орындау мақсатында жазылған осы Хан кене туралы «Жанталас» пьесасы 1999 жылы жазылып, 2001 жылы сахналанғанын, әкесі Қасымбектің қырғыз жерінде жүргенде үлкендерден естіген тарихты әңгімелеп беруінің себебінде пьесаның соңғы нүктесін қоюдағы оңтайлы шешімі, оған қойылымның соңындағы мүйізі қарағайдай ағалардың өздері оң баға беріп, қолдағандары туралы қызықты да тартымды әңгімелеп берді.
Оқырмандар кеш барысында қаламгердің тек драматург қана емес, жан жақты талант иесі екенін, оның балаларға арналған ертегілері еліміздің түкпір-түкпіріндегі сахналарда қойылып жатқанын, қазіргі күні кино әлеміне де қадам басып жатқандығын білді.
Еркін форматта өткен кездесу кешінде оқырмандар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, белсенділік танытты. Сұрақтарына автордың қызықты әңгімелеуімен тұшымды жауаптар алды.
Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрының актерларының орындауында сахналанған Сая Қасымбектің комедия жанрындағы «Бала кімдікі?» пьесасының қойылымынан үзінді тамашаланды.
«Жанталасып тарихқа үңілсек, тек хандық дәуірі ғана сөйлейді, ал орта ғасыр опырылып тұр. Бізді кейінгі тарих көшпенділер дейді, бұл дұрыс емес. Мен әрдайым жүрген жерімде, кездесулерімде «Біз өркениетті мемлекетпіз Отырарда керемет үйлердің, лоджиялардың болғанын, І ғасырда бір бөлмеде керамикадан жасалған дәретхана ыдысы, ванна, қол жуатын раковина табылғанын, сақ моншасы бізден тарағанын, жоғары мәдениеттің бізден тарағанын мақтанышпен айтып жүремін.»- деді Сая Қасымбек сөзінің соңында.
Аталмыш кеште жазушы, драматург Сая Қасымбек «Түркістан театры», «Жанталас», «Тәңірдің қылышы» атты үш томдық кітабын оқырмандарға таныстырды. Кеш соңында оқырмандар авторға өзінің жылы лебіздерін айтып, ризашылықтарын білдірді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *