1924 жылы 20 қазанда Алматы облысының Шелек ауданындағы Киікбай ауылында туған.
Жастай ата-анадан жетім қалып, Алматы балалар үйінде тәрбиеленген. 1940 жылы көркемсурет училищесіне түсіп, 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған.
1944 жылы ауыр жараланып майданнан оралған соң аяқтай алмай кеткен училищесін 1946 жылы бітірген.
1948-1952 жж. Алматыдағы №18 орта мектепте ұстаздық еткен. 1952-1954 жж. «Учитель Казахстана» («Қазақстан мұғалімі») газетінде әдеби қызметкер болған. 1959 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. 1959-1969 жж. «Жазушы» баспасында, кейін екі жылдай «Қазақстан» баспасында редактор болған. 1975-1983 жж. Авторлық құқық қорғау жөніндегі Бүкілодақтық агенттігі Қазақ республикалық бөлімшесінде инспектор, аға әдеби кеңесші қызметтерін атқарған. 1983 жылдан бері 2 топтағы еңбек мүгедегі.
Алғашқы өлеңдері 1950 жылы «Қазақстан» (қазіргі «Простор» журналы) альманахы мен «Ленинская смена» газетінде жарияланған. Шығармаларын орыс тілінде жазады.
Медальдармен, екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, Орта Азия әскери округының Құрмет Грамотасымен марапатталған.