РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА

Қазақ әнінің қаймағын бұзбай тамылжыта орындаған, халқының әсем әндерін насихаттап, халық өнерін келешекке жеткізуші хас шебер Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Рабиға Есімжанова 110 жаста.
Рабиға Есімжанова 1914 жылы қазақтың кең даласы Сарыарқаның төрінде, қазіргі Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Өнер жолын Семей облыстық музыка драма театрында драма артисі ретінде бастаған. Кейін Алматы, Қарағанды қалаларындағы театр труппасында қызмет етіп, М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Еңліктің, «Айман-Шолпанында» Айманның, Е.Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» Жібектің рольдерін шеберлікпен сомдап халықтың шексіз ризашылығына ие болған.
1946-1960 жылдар аралығында Р.Есімжанова Қазақ радиосының әншісі болды. 1960 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Қазақконцерт» бірлестігінің әншісі ретінде халыққа қызмет етті. Халқымыздың сүйікті қызы, бұлбұл әнші Рабиға Есімжанованың репертуарында негізінен халық әндері: «Әупілдек», «Әпитөк», «Гауһартас», «Жалғыз арша», «Жонып алды», «Ләйлім шырақ», «Құдаша», «Маңмаңкер» т.б. және халық композиторы Ш. Қалдаяқовтың әндері болды.
Рабиға Есімжанованың еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі мемлекеттік наградалармен марапатталған. Ол «Құрмет белгісі» орденінің иегері және «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі», «Қазақстанның халық артисі» атақтары берілген.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *