Әбілхан Қастеев – 120. Ғасыр мұрасы

Биыл Қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған, халқына өшпес мұра қалдырған халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл. Осыған орай Мағжан Жұмабаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының өнер әдебиеттері бөлімі Көкшетау қаласындағы білім бөлімінің Көкшетау қаласының № 2 лицей-мектебінің 7А сыныбы оқушыларының, ұстаздарының арасында «Әбілхан Қастеев – 120. Ғасыр мұрасы» атты танымдық сағат өткізді.
Танымдық сағатта Алматы облысы, Панфилов ауданы, Шежін ауылында 1904 жылы дүниеге келген халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің өмірі, шығармашылығы туралы ақпарат берілді. Небәрі үш жасында әкесінен айырылып, анасына көмектесіп жүріп ерте есейген Әбілханның жастық шағы қой бағып, жалшы болып, жер жыртып, түрлі қара жұмыспен өткенін, сөйтіп жүріп сурет салуға құштар болып өскені жайлы әңгімеленді.
Әбілхан Қастеев еңбек жолын Түрксіб темір жолынан бастаған. Арасында демалған уақытында тасқа сурет салады. Бірде тастағы Лениннің суретін бастықтардың бірі көріп қалып, суретшіні Алматыға оқуға жібереді. Осылайша мектепте оқи бастағанында жасы 25-те еді.
Ол – қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған ұлттық сурет өнерінің алғашқы шеберлерінің бірегей тұлғасы. Кескіндемеші-график ретінде де белгілі. Қазақстанның халық суретшісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері Ә.Қастеев сурет өнері бойынша алғашқы білімді Алматыда Н.Хлудовтан алады. Кейін Мәскеуде И.И.Бродскийдің көркемсурет студиясында тәлім алған талантты қылқалам шебері өзінің тума қабілетін өзіндік ізденіспен жетілдіріп, өнердегі айтулы тұлғалардың біріне айналды. 1954-1956 жылдары Қазақстан Суретшілер Одағын басқарады. Екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. КСРО-ның жоғарғы Мемлекеттік Орден, медальдарымен марапатталды.
Қазіргі уақытта Ә.Қастеевтің мұралары Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің қорында сақталған Ә.Қастеевтің танымал 10 туындысын біле жүріңіздер:
«Амангелді сарбаздары», 1970 жыл.
2.«Талас өлкесі», 1970 жыл.
3.«Қапшағай СЭС-і», 1972 жыл.
4.«ТүркСіб», 1969 жыл.
5.«Ақсай карьері», 1967 жыл.
6.«Шоқан Уәлихановтың портреті», 1951 жыл.
7.«Абайдың портерті», 1945 жыл.
8.«Мақта жинау», 1936 жыл.
9.«Қызды еріксіз әкету», 1937 жыл.
10. «Сатып алынған қалыңдық», 1938 жыл.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *