БЕКТҰРОВ Жайық (1912-1998) – 1912 жылы 15 қазанда Ақмола облысы, Ақмола ауданы, Қызылағаш ауылында туып, Қарағанды қаласында 1998 жылы 30 наурызда қайтыс болды. Жазушы, саяси қуғын-сүргін ауыртпашылықтарын басынан кешірген қазақ зиялысы. Алматыдағы Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін (1934), Қазақ мемлекеттік университетін (1955) бітірген. Еңбек жолын 1930 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданында мұғалімдіктен бастаған ол, (1934-1937) Қазақ өлкелік, Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс, Мақтаарал ауданында комсомол ұжымдарында жауапты қызметтер атқарды. (1937-1938) «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті редакторының орынбасары, (1938-1942) «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, Жамбыл облысы «Колхоз жолы» (кейін «Еңбек туы») газетінде редактор болды. Кейін Қарағанды, Талдықорған қалаларында (1948-1950) мектепте мұғалім, облыстық газеттерде жұмыс істеді. 1958 жылдан бастап ұзақ жыл Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысаралық бөлімшесін басқарды. Ж. Бектұровтың алғашқы әдеби сын мақалалары, эсселері, өлеңдері 1928 жылдан баспасөз беттерінде жариялана бастады. «Жол жоралғысы» (1977) жинағының авторы. Көркем аударма саласында да көптеген еңбек сіңірді. Д. Дефоның «Робинзон Крузо», А. Чапыгиннің «Степан Разин» романдарын, Л. Пантелеевтің әңгімелер жинағын, Ш. Петефии, Я.Г. Гашек, Д. Львович, Г. Серебрякова т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Г. Потанин, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ә. Ермеков, Ә.Марғұлан, т.б. туралы жазылған естеліктер, әдеби портреттер жинағының авторы. 20 ғасырдың 30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін шындығын ашық жазып, қоғамда әлеуметтік әділдік принипінің орындалуына ықпал етті.