Бас аяғы төрт-бес күн ішінде астаң-кестең болып, елімізде орын алған жағдай елді дүрліктіріп, әлемді алаңдатты. Бейбіт шеруден басталған жағдайды пайдаланған опасыз содырлар қарапайым халыққа қарсы оқ атып, мемлекеттігімізді ойран етпек болды, Тәуелсіздігіміздің баянын бұзып, бейбіт өміріне қауіп төндірді. Халықты қауіптен қорғау жолында қаншама қыршын жастарымыз отан алдындағы борышын адал өтеу жолында опат болды.
Осы сын сағаттарда Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзін нағыз Елбасы ретінде таныта білді. Оның батыл іс-әрекеті елде қайта тәртіп орнатып, тіршілікті өзінің қалпына келтіруге деген халықтың ынта-жігерін, сенімін оятуда. Оған бүгінгі халыққа Президенттің Үндеуі дәлел болғандай. Ең алдымен Президент мырза жаңа Үкімет басшысы етіп Әлихан Смайыловты тағайындады.
Елдің көкейіндегі біраз күрделі мәселелерді атап өтіп, солардың оң шешімін орайластыруды жаңа Үкімет басшысына тапсырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 айдың ішінде Халықтың тұрмысын жақсартуға арналған бағдарламаны дайындауды Үкіметке тапсырма берді, жастарға жаңа жұмыс орындары ашылады, бюджет қызметкерлерінің айлығы өседі. 2025 жылға дейін инфляция дәлізі 3-4 пайыз болады, қағазбастылық азаяды. Техникалық мамандықтарға басымдық беріледі, 5 жаңа жоғары оқу орны ашылады, оның екеуі батыс аймақта.
Ауылшаруашылық саласын жолға қою мәселесін қолға алуды да мықтап тапсырды.
Мемлекетіміздің дамуы үшін, Тәуелсіздігіміздің нығаюы үшін Президент баса атап өткен жоспарлардың орындалуы жолында барша қазақстандықтар атсалысуымыз керек екені айдан анық.
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық кітапханасының ұжымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «мәдениет саласына көңіл бөлінеді» деген сөзінен үлкен әсер алып, «Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» – деген ұран іспеттес сөзін қолдаймыз.