Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы

І. Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі
Бұл саладағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажет.
Ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне жəне оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керек.
Пандемия жəне дағдарыс жағдайында мемлекеттік басқару жүйесі бар күшжігерін жұмылдырып жұмыс істеуде. Жедел шешімдер қабылдау айтарлықтай уақыт пен қаражатты талап етеді. Бірақ алдағы жоспарларды назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Сондықтан мен тікелей Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау жəне реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдадым.
Бұрын мұндай орган болды жəне өз жұмысын ойдағыдай атқарды. Енді осы агенттік қайтадан тұтас мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі орталығына айналады. Агенттік ұсынған реформалар нақты, іске асатын жəне ең бастысы, барлық мемлекеттік органдар үшін орындауға міндетті болуға тиіс.
Реформалар жөніндегі жоғары президенттік кеңес құрылады. Бұл кеңестің шешімдері түпкілікті болады. Тез өзгеріп жатқан ахуалға шынайы баға беру үшін Статистика комитеті Агенттік құрамына беріледі.
Дəстүрге сай, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде жоспарлау, орындау жəне бағалау қызметін негізінен мемлекеттік аппарат атқарады. Бұл – дұрыс емес.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі адам ресурстарын барынша жұмылдыруға тиіс, яғни жеке сектор мен қоғам өкілдерін толыққанды серіктестер ретінде жұмыстың барлық кезеңіне – жоспарлауға, орындауға жəне бағалауға тартуы керек.
Сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар əзірлеуді тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа əрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нəтижесі болуға тиіс.
Осындай түбегейлі реформаны жүргізу үшін мемлекеттік аппараттың қызметін қайта қарау керек. Бұл мəселе бойынша реформаларды жоспарлау мен жүзеге асырудың үйлесімділігі аса маңызды.
Мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құру керек. Пандемия кезінде мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қашықтан жұмыс істеу режіміне көшуі мемлекеттік аппаратты қысқарту керектігін жəне бұған толық мүмкіндік бар екенін көрсетті.
Мемлекеттік аппарат жəне квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға, ал келесі жылы 15 пайызға қысқартқан жөн. Осылайша біз 2021 жылы шенеуніктердің санын 25 пайызға қысқарту мəселесін шешетін боламыз. Соның нəтижесінде жəне цифрландыру үдерісін ескере отырып, одан əрі қысқарту туралы шешім қабылдаймыз.
Үнемделген қаражаттың есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын көбейтетін боламыз. Еңбекақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көп. Бұл мəселеге жете назар аудармау кері кетуге, біліктілік пен бастамашылдықтан айырылуға, сондай-ақ ең сорақысы, жемқорлыққа əкеп соқтырады. Сондықтан 2021 жылғы 1 шілдеден бастап балдық-факторлық жүйе енгізілуге тиіс. Мұндай жоба мемлекеттік қызметшілердің құлшынысын арттырып, жауапкершілігін нығайта түседі.
Бізге жаңа кадрлар, яғни кəсіби білікті, озық ойлы жəне бастамашыл мамандар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауға тиіс.
Сонымен қатар кəсіби жəне этикалық нормалардың құлдырауына жол бермей, сабақтастық пен институционалдық дəстүрдің сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Осы тұста жауапты хатшылар институтына арнайы тоқталғым келеді.
Бұл институтты енгізген кезінде жауапты хатшылардың жиі ауыспай жұмыс істеуі министрлерді əкімшілік-кадрлық жұмыстардан босатып, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді деген ой болған. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Тіпті министрлер мен жауапты хатшылардың арасында түсініспеушілік туындап жатады. Мұның салдары ортақ жұмысқа зиянын тигізеді.
Негізгі жауапкершілік бір адамға, яғни Президент тағайындайтын министрге жүктелуі тиіс. Сондықтан жауапты хатшылар институтын жойып, олардың міндеттерін министрліктің аппарат басшыларына жүктеген жөн.
Бұл ұсыныстарды жүзеге асыру үшін осы жылдың соңына дейін мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырамын.
Норма шығару мəселесін де қайта қарау қажет.
Карантин кезінде құқықтық жүйенің қасаңдығы қолбайлау болып, жұмысты қатты тежегені жасырын емес. Сол себепті, төтенше жағдай режімін енгізіп, “Төтенше жарлық” шығаруға тура келді.
Бірақ мұндай шаралар дағдарыс жағдайында мəселені түбегейлі шешпейді.
Негізгі проблема атқарушы биліктің əр қадамының заңмен шектеліп, адымының ашылмауында болып отыр. Біз министрлер мен əкімдерге зор талап қоямыз, бірақ олардың өкілеттіктері заңдар мен қаулылардың нақты нормаларының аясында шектеледі. Бұл жағдай мемлекеттік аппараттың ғана емес, Парламенттің де жұмысын қиындатады. Парламент палаталары атқарушы органдардың құзыретіне беруге болатын егжей-тегжейлі баяндалатын нормаларды да қарастыруға мəжбүр болып отыр.
Алмағайып дүниеде жедел шешім қабылдай алмау ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан Құқықтық саясат тұжырымдамасы аясында заңнаманы өзгерту арқылы құқықтық регламенттеу деңгейлерінің арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету керек. Мұны кейінге қалдыруға болмайды.
Тағы бір маңызды міндет – квазимемлекеттік компанияларды корпоративтік басқару ісін жақсарту мəселесін шешу.
Елімізде ондаған ұлттық компания жəне он мыңдаған мемлекеттік кəсіпорын бар. Бұл ретте ірі квазимемлекеттік мекемелер акционерлік қоғам ретінде жұмыс жүргізеді, яғни олардың мақсаты – пайда табу. Егер мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі оларға берілсе, мұндай компаниялардың жұмысы азаматтарға жəне экономикаға нақты қызмет көрсетуге арналып, қосымша сипатқа ие болуы тиіс.
Көптеген акционерлік қоғамда қалыпты түсініктер ауысып кеткен. Корпоративтік басқару қосымша бюрократиялық рəсімге айналып отыр.
Тұтас квазимемлекеттік секторды реформалау ісін жалғастыру қажет. Кейбір шешімдер бүгін жарияланады, ал қалған мəселелер бойынша Үкімет маған ұсыныс береді.
ІІ. Жаңа жағдайдағы экономикалық даму
ІІІ. Теңгерімді аумақтық даму
ІV. Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық.
V. Қолжетімді әрі сапалы білім
VІ. Денсаулық сақтау саласын дамыту
VІІ. Экология және биологиялық әркелкілікті қорғау
VІІІ. Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында
ІХ. Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі
Х. Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы
ХІ. Ұлттың жаңа болмысы
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *